Ұлттық банктің инфляция бойынша болжамы қандай

АЛМАТЫ. KAZINFORM – ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов жоспарланған салық және бюджет реформалары инфляцияны төмендетуге ықпал ететінін айтты.

Ұлттық банктің инфляция бойынша болжамы қандай
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

Оның сөзінше, бюджет тапшылығы 2,5%-дан 0,9%-ға дейін төмендейді. Ал Қазақстан Ұлттық қорынан бөлінетін трансферттер 5,2 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге қысқартылады.

– Мұның бәрі дұрыс және есептелген фискалдық саясат. Ең маңыздысы – оның іс жүзінде орындалуы. Яғни заң және тәртіп болуы керек. Сондықтан біз жалпы макроэкономикалық параметрлер шеңберінде өзгерістер мен түзетулер болмағанын күтеміз, - деді ол.

Ұлттық банктің инфляция бойынша болжамы қандай
Фото: Ұлттық банк

Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы салық-бюджет саясатын қатаңдату мен байыпты ақша-кредит саясаты экономиканың кейбір салаларының өсімін уақытша баяулатуы мүмкін екенін айтты.

– Әдетте газ бен тежегіш қатар тұрады. Бірақ бұл екеуін де газ тетігі деуге болады. Егер тым қатты «газ беріп», ақша-кредит және фискалдық саясатты бір уақытта жұмсартсаң, инфляция болады. Қысқа мерзімде белгілі бір өсімді көресің, бірақ кейін инфляция, күрт төмендеу, құлау болады, - деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, салық-бюджет саясатын қатаңдату аясында тарифтік шаралар кезең-кезеңімен және бақылаумен енгізіледі. Осы кешенді шаралар жиынтығы инфляцияны төмендетуге көмектеседі.

– Орта және ұзақ мерзімде ақша-кредит саясаты бейтарап болуы тиіс. Ол өсімді қолдай немесе тежей алмайды. Ол экономиканың ішкі органикалық өсім қарқыны мен теңгерімді макроэкономикалық жағдайды сақтау қажеттілігіне сүйене отырып, тұрақты макроорта қалыптастыруы тиіс. Сондықтан біз осы қағидатты ұстанамыз, - деді Ұлттық Банктің төрағасы.

Еске салайық, өткен айда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді. 

Кеше Ұлттық банк төрағасы Базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдауға ЖИ көмектесуі мүмкін екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар