Ұлттық банктің реттеуші сынақ алаңында жылжымайтын мүлікті токендеу жобасы іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM - Ұлттық банк цифрлық активтер бойынша банктің реттеуші сынақ алаңы аясында коммерциялық жылжымайтын мүлікті токендеу бойынша пилоттық жоба іске қосылғанын хабарлады.
Токенді реттеуші сынақ алаңына қатысушы – Apartchain платформасындағы «Баламалы сандық желілер» компаниясы Nazarbayev University Impact Foundation, Astana Business Campus, First Validator серіктестерімен бірлесіп іске қосты.
Жоба коммерциялық жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілген цифрлық токендерді шығару ісін қарастырады. Мұнда бір токен нысанның бір шаршы метріне сәйкес келеді. Осылайша, жылжымайтын мүлік цифрлық үлес түрінде ұсынылған, олармен блокчейн технологиясын пайдалана отырып, мамандандырылған платформада операциялар жүргізуге болады.
Пилоттық жоба аясында инвесторлар коммерциялық жылжымайтын мүліктегі үлеске құқық беретін токендерді сатып ала алады, операциялар жасап, табысты бөлуге (иелігіндегі токендер көлеміне пропорционалды түрде) қатыса алады. Блокчейн технологиясы құқықтардың ашық есебін және операциялар тарихының сақталуын қамтамасыз етеді.
Пилоттық жоба технологиялық және операциялық аспектілерге мониторинг жүргізумен, сондай-ақ тәуекелдер мен құқық қолдану практикасын бағалаумен бірге шектеулі реттеуіш контурда (реттеуші сынақ алаңында) жүзеге асырылады. Бұл құралды кейін Қазақстан нарығына енгізу үшін цифрлық қаржы активтер (токендер) арқылы жылжымайтын мүлік операцияларына қатысудың түсінікті әрі қолжетімді механизмін қалыптастыруға көмектеседі.
Осыған дейін биыл цифрлық теңге қай салалардың бюджетіне енгізілетіні туралы жаздық.