Ұлттық банктің реттеушілік «құмсалғышында» 30-дан астам криптожоба сынақтан өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Ұлттық банктің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті Инновациялар және цифрлық активтер басқармасының бас маманы Мадияр Қызайбеков «Қазақстан Республикасындағы криптоиндустрияны дамыту және оны реттеу ерекшеліктері» атты жабық дөңгелек үстелде айтты.
– Қазіргі таңда Қазақстан Ұлттық банкінің реттеушілік «құмсалғышында» 33-тен астам жоба сынақтан өтіп жатыр. Олардың қатарында криптотөлемдер, стейблкоин шығару, жылжымайтын мүлік пен бағалы металдарды токенизациялау сияқты бағыттар бар. Сондай-ақ жоба аясында криптоброкерлік қызметтер, кастодиандық қызметтер, цифрлық активтер платформалары да тестіден өтіп жатыр - деді спикер.
Ұлттық банк өкілінің айтуынша, бұл алаң жаңа қаржы өнімдерін заңнамалық өзгерістер енгізілгенге дейін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.
– «Құмсалғыш» қатысушылары өз бизнес-модельдерінің қаншалықты өміршең әрі тұрақты екенін түсінеді. Тестілеуден кейін олардың көбі толыққанды лицензия алуға ұмтылады, – деді Мадияр Қызайбеков.
Оның сөзінше, бұл жобаларға тек финтех-компаниялар ғана емес, сонымен қатар дәстүрлі қаржы ұйымдары да қатысып отыр. Атап айтқанда, екінші деңгейлі 10-нан астам банк, цифрлық қаржы платформалары және халықаралық компаниялар серіктес ретінде тартылған.
Ұлттық банк сарапшыларының пікірінше, цифрлық активтер нарығының дамуы инвестиция тарту мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа қаржы құралдарының пайда болуына жол ашады. Сонымен қатар токенизация арқылы жылжымайтын мүлік, алтын, бағалы қағаздар және өзге де активтерді цифрлық форматта айналымға енгізу мүмкін болады.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстанда цифрлық активтер нарығын дамыту қарқынын арттыру қажеттігін атап өткен еді.