Ұлттық банктің төлем жүйелері арқылы 9 айда квадриллион теңге өңделді

АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Ұлттық банктің банкаралық төлем жүйелері 1 квадриллион теңге қаражат өңдеді. Бұл — елдегі барлық қолма-қол ақшасыз айналымның шамамен 88%-ы. Ол жайында ҚҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Central Asia Fintech Summit-тің ашылуында айтты.

Квадриллион тенге обработали межбанковские платежные системы Нацбанка за 9 месяцев
Фото: Ұлттық банк

Кейінгі 5 жылда Қазақстанда халық арасында қолма-қол ақшасыз транзакция көлемі 10 есе өсіп, оның бөлшек сауда айналымындағы үлесі 89%-ға жеткен.

«Клиенттің «онбордингі», банк шотын ашу, несие рәсімдеу, ақша төлеу мен аудару, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер сияқты негізгі қаржы қызметінің барлығына цифрлық форматта, қашықтан қол жеткізе аламыз. Ұлттық банк базасында биометриялық сәйкестендіру сервисі сәтті жұмыс істеп тұр, оның көмегімен айына 2,5 млн-нан астам өтініш өңделеді», — деді Ақылжан Баймағамбетов.

Сондай-ақ Төраға орынбасары Ұлттық банктің банкаралық төлем жүйелері елдегі барлық қолма-қол ақшасыз айналымның шамамен 88%-ын өңдейтінін, ал биылғы 9 айда транзакция айналымының жалпы көлемі 1 квадриллион теңгеден асып түскенін жеткізді.

Дегенмен, инновациялардың өмірімізге тез енуімен қатар киберқауіп пен онлайн-алаяқтық та күшейіп келеді. Ақылжан Баймағамбетовтің айтуынша, биыл іске қосылған Антифрод-орталық қазірдің өзінде 500 млн теңгеден астам соманы алаяқтардың иемденіп кетуінен сақтап қалды.

«Бұл бастама қаржы қызметтерінің цифрлық форматқа сәтті көшкенін білдіреді деп сенімді түрде айтуға болады. Біздің міндетіміз — осы бағытта одан әрі дамып, аймақта көшбасшы позициясын сақтап қалу», — деді ол.

Соңғы жаңалықтар