Ұлттық экономика вице-министрлері қаза тапқан «Қазақмыс» кеншілерінің отбасыларына барсын — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Арман Қалықов Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына «Қазақмыс» корпорациясының шахтасындағы жеті кеншінің өліміне байланысты сауал жолдады.

Арман Қалықов
Фото: Kazinform

— «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде болған қайғылы оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірді. «Қазақмыс» кәсіпорындарында жиілеп кеткен жазатайым оқиғалар өнеркәсіптегі қауіпсіздік мәселелеріне дұрыс көңіл бөлмеудің тікелей салдары екені анық.
Мысалы, 2023 жылы Балқаш мыс балқыту зауыты мен Шығыс Жезқазған кенішінің № 57 шахтасында монтажшы мен тау-кен шебері қаза тапты. Қараша айында № 2 Жезқазған байыту фабрикасында бір әйел көз жұмды. Ал Жамбыл облысындағы «Жайсаң» кенішінде екі кенші қайтыс болды. 2024 жылдың қазан айында Балқаш өңіріндегі «Саяқ-3» шахтасында көміртегі тотығының шығарылуынан тағы екі шахтер қаза тапты. Енді міне жеті адамның өмірін қиған жаңа трагедияға куә болып отырмыз. Газ жарылысы туралы болжамды ақпарат ерекше алаңдатып отыр. Оның мыс өндіру кенішінде болуы табиғи тұрғыда мүмкін емес. Бұл қауіпсіздік ережелері бұзылғанын көрсетеді, — деді депутат.

Оның сөзінше шахтадағы қайғылы оқиғаның тыйылмауына Үкімет те «үлес қосып» отыр.

— Біз өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалауды күшейту бойынша заңнамалық нормаларды ұсындық. Бірақ, Үкімет, оның ішінде Ұлттық экономика министрлігі бұл маңызды заңнамалық бастаманы қолдамады. Енді министр мен Ұлттық экономика вице-министрлері қаза тапқан «Қазақмыс» кеншілерінің отбасыларына барсын, — деді Арман Қалықов.

Депутат қызметкерлердің өмірін сақтандыру мәселесін де көтерді. 

— Өнеркәсіпте қауіпсіздікті қамтамасыз ету функцияларын салалық министрліктерден алып, Премьер-Министрге тікелей есеп беретін мемлекеттік органды құру жөніндегі мәселелерді қарау керек. Қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды ұсынамыз. Апаттың себептеріне газ қауіпсіздігі жөніндегі сарапшыларды тарта отырып, мұқият және тәуелсіз тергеу жүргізілсін. Кеніштердің желдету жүйелерін тексеру керек, — деді депутаты.

Бұған дейін «Жомарт» шахтасы тергеу аяқталғанша жабық болатыны айтылған еді. 

Соңғы жаңалықтар