Ұлттық қауіпсіздік комитет Орал қалалық сот төрағасының парамен ұсталғанын растады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық қауіпсіздік комитеті Оралда қалалық сот төрағасы Руслан Жұмағұлов пара алу кезінде ұсталғанын растады.

пара алу
Фото: Freepik

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 366 (пара алу) және 367 (пара беру) бабында көзделген құқықбұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр», — делінген агенттік жолдаған ресми сауал жауабында.

Сондай-ақ, ҰҚК аталған іске қатысты өзге де ақпараттың Қылмыстық-процестік кодекстің 201 бабының 1 бөлігіне сәйкес құпия екендігін хабарлап отыр.

Еске сала кетсек, 5 қараша күні Оралда қалалық сот төрағасы Руслан Жұмағұлов пара алу кезінде ұсталды. Бұл ақпаратты Kazinform агенттігіне өз ақпарат көздері растаған еді.

Сот төрағасымен бірге екі адвокат Әділ Ахмулдин мен Нұржігіт Фазылғалиев те қолға түскен.
1,5 млн теңге көлеміндегі пара сотталған азаматқа қатысты оң шешім қабылдау үшін бағытталған.

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі ақпаратты өкілетті орган — ҰҚК департаменті беретінін жеткізді.

Руслан Жұмағұлов 2019 жылдан бері қалалық сот төрағасы болып жұмыс істеген.

Соңғы жаңалықтар