Ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірген әлеуметтік желі жабылады – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдері Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан әлеуметтік желілердегі контент мазмұны, кейбір желілердің жабылуы туралы сұраған еді.
«TikTok, Facebook, Instagram басқа да әлеуметтік желілерде ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге жол бермейміз. Қазір әлеуметтік желілердегі заңсыз контенттер анықталып, дер кезінде алынып жатыр. Бұл бағытта біз әлеуметтік желілердің әкімшілігімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудеміз. Себебі олар депутаттардың бірнеше сауалынан кейін жауапкершілікпен қарап отыр», - деп үн қатты Аида Балаева.
Одан әрі министр әлеуметтік желінің балалардың психикасына әсері туралы айта келе, қауіпсіздік мәселесі алдыңғы орында екенін мәлімдеді.
«Егер ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келген жағдайда әлбетте жабылады (ред- әлеуметтік желі), бірақ, қазір ол сұрақ күн тәртібінде тұрған жоқ», - дейді ведомство басшысы.
Айта кетсек, Мәдениет және ақпарат министрі Tik Tok-ты бұғаттауға қатысты бұған дейін де пікір білдірген еді.
Еске сала кетейік, 2022 жылы Tik Tok Қазақстанда өз өкілдігін ашуға ниетті екені сөз болған еді.