Ұлттық киноны қолдауға бөлінетін қаржыға шектеу енгізілді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда ұлттық фильмдерді қаржыландыруға қатысты жаңа талаптар енгізілді. Бұл туралы 2025 жылғы 30 шілдеде қабылданған Үкімет қаулысынан белгілі болды.

Атап айтқанда, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын құру туралы» Үкіметтің бұрынғы қаулысына өзгерістер енгізілді.
— Ұлттық фильм мәртебесін алуға үміткер киножобалар мен ұлттық фильмдерді қаржыландыруға мемлекеттік қолдау көрсету, мемлекеттік тапсырма негізінде жұмыс істейтін, жарғылық капиталында мемлекеттің жүз пайыздық үлесі бар және негізгі қызмет түрі фильмдер өндіру болып табылатын заңды тұлғаға бөлінетін қаражаттан бөлек, жалпы фильмдерге бөлінетін қаржы көлемінің кемінде 30 пайызынан аспауы тиіс, — деп көрсетілген құжатта.
Бұған дейін бұл үлес нақты көрсетілмеген болатын.
Жаңа қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Айта кетейік, кинопрокат нарығын қадағалау үшін заңнаманы күшейту жұмысы басталды.