«Ұлттық қор – балаларға»: 2026 жылы 18 жасқа толатын балалар бағдарламаға енгізіле ме
АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылы 18 жасқа толатын балалар «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына енгізіле ме және олар қандай сома алады? «БЖЗҚ» АҚ осы сауалға ресми түсініктеме берді.
– Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын (2025 жылғы 31 желтоқсанның соңындағы жағдай бойынша) барлық бала «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына енгізілген және оның қатысушысы болып саналады, - делінген хабарламада.
2026 жылы 18 жасқа толатын балалар (бала әлі 18 жасқа толмаған жылы) аударылған нысаналы талаптарын өздерінің БЖЗҚ-да ашылған нысаналы жинақтау шоттарына есептелетін нысаналы жинақтар түрінде алады.
2026 жыл бойынша бір балаға арналған нысаналы талаптардың сомасы Қазақстан азаматы болып табылатын балалардың саны бойынша деректерге (2025 жылғы 31 желтоқсанның соңындағы жағдай бойынша) және Ұлттық қордан есептелген балаларға арналған нысаналы талаптардың жалпы сомасы бойынша Ұлттық банктен алынған ақпаратқа негізделе отырып есептелетін болады.
Айта кетейік, биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 16,51 млн АҚШ долларға 126 468 өтінішті орындады.
Бағдарлама ресми түрде 2024 жылдың 1 қаңтарында басталды. Оның шеңберінде 2006 жылдан бастап туылған әрбір балаға Ұлттық қордан жыл сайын қаражат аудару көзделген.
Валюта бағамының құбылуы Ұлттық қордан балаларға берілетін ақша көлеміне әсер етпейді.