«Ұлттық қор – балаларға»: пайдаланылмаған қаражат қайда қалады
АСТАНА. KAZINFORM — 2024 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылғы 1 қазанға дейін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде нысаналы жинақтарды пайдалану бойынша жалпы сомасы шамамен 88,86 млн АҚШ долларына 407 145 алушыға төлем жасалды.
Оның ішінде 267 986 алушыға жалпы сомасы 58,29 млн АҚШ доллары тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, ал 139 159 алушыға 30,57 млн АҚШ доллары білім алуға ақы төлеу үшін аударылды.
2026 жылдың басынан бастап 1 қазандағы жағдай бойынша НЖ төлемдерін жалпы сомасы 57,59 млн АҚШ долларына 211 748 қазақстандық алды. Бұл ретте 145 981 алушыға тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 38,86 млн АҚШ долларынан астам, ал 65 767 алушыға білім беру ақысын төлеуге 18,73 млн АҚШ доллары аударылды.
Қаражат өтініш берушілердің банктік шоттарына есептеу үшін уәкілетті операторларға аударылды. Еске салайық, НЖ алушы барлық соманы немесе оның бір бөлігін пайдалануға құқылы. Егер қаражаттың бір бөлігі талап етілмесе, қалдық нысаналы жинақтау шотында (НЖШ) 10 жыл бойы сақталады. Одан кейін пайдаланылмаған қалдық алушының ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотына аударылады.
Тұрғын үй жағдайларын жақсарту бағытында ең көп сұранысқа ие болған мақсат — тұрғын үй құрылыс жинақтарына одан әрі жинақтау үшін салымды толықтыру. Осы мақсат бойынша 144 160 алушыға жалпы сомасы 38,26 млн АҚШ долларын құрайтын төлемдер жүзеге асырылды. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алуға арналған ипотекалық тұрғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарна енгізу мақсатында 920 жас қазақстандыққа 221,38 мың АҚШ доллары, ал азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша тұрғын үйді меншікке сатып алу (түпкілікті есеп айырысу) мақсатында 531 қазақстандыққа 128,34 мың АҚШ доллары төленді.
Нысаналы жинақтарды білім алуға пайдалану бағытында қаражаттың ең көп көлемі Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне ақы төлеуге бағытталды. Төлемдер әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін бөліп-бөліп немесе оқу мерзімінің бүкіл кезеңі үшін біржолғы толық көлемде жүзеге асырылады. Осы бағыт бойынша 61 553 азаматқа жалпы сомасы шамамен 17,58 млн АҚШ долларын құрайтын төлемдер жүргізілді.
Басқалармен қатар мына бағыттар да сұранысқа ие болды: білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыруға 3 092 алушыға жалпы сомасы 810,23 мың АҚШ доллары аударылды. Ал шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы бойынша бөліп-бөліп немесе оқу мерзімінің бүкіл кезеңі үшін біржолғы толық көлемде 1 015 азаматқа 266,29 мың АҚШ доллары бағытталды.
Еске салайық, нысаналы талаптарды есептеу нысаналы талаптарға қатысушы қайтыс болған немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда тоқтатылады. Нысаналы талаптарға қатысушының/нысаналы жинақтарды алушының қайтыс болуына байланысты нысаналы талаптарды/нысаналы жинақтарды алу үшін олардың мұрагерлері Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен БЖЗҚ-ға жүгіне алады.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мұрагерлерге жалпы сомасы 77,23 мың АҚШ доллар болатын төлемдер жүзеге асырылды. Бұл қаражатты 236 азамат алды.
Нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында төлеу туралы уәкілетті операторлар мен өңірлер бөлінісіндегі толық ақпаратпен enpf.kz сайтында танысуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық бір балаға 130,71 АҚШ доллары кезекті есептеу жүргізілді. 2024 жылы – 129,38 АҚШ доллары, 2023 жылы - 100,52 АҚШ доллары мөлшерінде қаражат аударылған болатын.
18 жасқа дейінгі балаларға жыл сайын Ұлттық қордан бөлінетін сомалар олардың БЖЗҚ-да ашылған шоттарында ескерілетін нысаналы талаптар түрінде есептеледі. Бұл ретте, заңнамаға сәйкес, жас қазақстандықтарға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында қалады және инвестициялануын жалғастырады. Одан әрі инвестициялау нәтижесінде жыл сайын әрбір баланың нысаналы талаптарының сомасы алынған инвестициялық табыс есебінен қосымша өседі.
Айта кетелік «Ұлттық қор — балаларға»: 7 млн баланың есепшотына ақша түскені туралы жазған едік.