Ұлттық қордан алынған әрбір тиынның тиімді игерілуін бақылау күшейеді — сенатор
АСТАНА. KAZINFORM — Сенат Бюджет кодексіне өз тарапынан түзетулер енгізіп, Мәжіліске кері қайтарды. Осыған байланысты сенатор, Палатадағы Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Бекбол Орынбасаровпен сұхбаттасудың сәті түсті.

— Сенатор мырза, Сенаттың Мәжілістен өткен заңдар мен кодекстерді кері қайтаратын кезі сирек. Бұл жолы Бюджет кодексіне нақты қандай түзетулер енгіздіңіздер?
— Жаңа Бюджет кодексінің негізгі тұжырымдарын сенаторлар қолдады деуге болады. Бірақ кейбір мәселенің жекелеген тұстарын түзетіп, қосымша тетіктер енгізу қажет болды. Мысалы, бұрын Ұлттық қордан бөлінген қаражат игерілмесе, кейін қайтарылмайтын. Сенаторлар жаңа Кодексте игерілмеген ақша Ұлттық қорға қайтарылуы керек деген талап енгізді. Жалпы Ұлттық қордан алынған әрбір тиынның тиімді игерілгенін бақылауға арналған нормаларды күшейттік. Сол үшін Ұлттық қорды басқару кеңесіне қаржының тиімді әрі заңға сай игерілуіне жүргізілген мониторингтердің қорытындысын қарайтын өкілет бердік.
Сондай-ақ, уәкілетті органды салық төлеушілерге қандай салық жеңілдіктері берілгені туралы сараптамалық есеп беруге міндеттейміз.
Су қоймалары мен арналарды, гидротехникалық нысандарды дамытуға мемлекет кепілдігімен алынған қарыздардың шығынын бюджеттен субсидиялауды ұсындық. Бұл бір жағынан, су ресурстарын үнемді тұтынуға, екінші жағынан тасқын қаупін сейілтуге септігін тигізеді. Сонымен бірге төтенше жағдайдың алдын алу, жою, апаттан құтқару жұмыстарын республикалық бюджет шығынына қосу ұсынылды.
Ал ауылдардағы жайылым тапшылығын шешу үшін жайылым инфрақұрылымына қажет нысандарды жаңартуға қаржы қарастыруды ұсындық. Бұл мәселені сайлаушылар жиі көтереді.
— Жалпы жаңа кодекстің қолданыстағы құжаттан қандай іргелі айырмашылықтары болады?
— Бүгінгі ахуалды ескерсек, бюджет саясатын ұқыптылық пен жауапкершілікке басымдық бере отырып жүйелендіру, жаңаша түзу керек болды.
Бюджет қаржысын жұмсауда қордаланып қалған кемшіліктердің баршылық екені ешкімге құпия емес шығар.
Қазір бюджет ақшасы жобалау-сметалық құжаттаманың дайын болғанына қарап бөлінеді, стратегиялық мақсаттар мен индикаторларға байланбаған. Бұл — тиімсіз тәсіл деп есептейміз.
Осы кемшілікті жою үшін бюджетті үлестірген кезде бірінші кезекте өңірді дамытудың жоспарын негізге алып, инвестициялық жоспарды ескеріп шешім қабылдау ұсынылып отыр.
Демек, бюджет жоспарында мемлекеттік органдардың қолында бар мәліметтер негізінде түзілген әр елді мекеннің проблемалық және басым бағытқа ие тұстары көрініс табады.
Сонда бұдан былай ақша бөлген кезде оны қайда және не үшін бөліп жатқаны түсінікті болып тұратын тиянақты құжаты болады.
Инвестициялық жоспар әр өңірде өмір сапасын көтеру үшін не істеу керектігін, қанша ақша қажеттігін түсіну үшін керек.
— Бюджеттің игерілуін қадағалаудағы Парламенттің рөлі қандай болмақ?
— Кодекстің жалпы мазмұнына келсек, бірнеше ірі міндетті іріктеп алдық.
Біріншісі — бюджет процестерін оңайлату.
Екіншісі — мемлекеттік қаржыны басқарудың әдістемесін құру.
Үшіншісі — бюджеттің кіріс бөлігінің есептілігін қамтамасыз ету.
Төртіншісі — бюджеттер арасындағы қатынас.
Бесіншісі — мемлекеттік инвестициялық жобалардың жүйелік кемшіліктері.
Алтыншысы — бюджетті игеру нәтижесін басқару құралдарын жетілдіру.
Жаңа Бюджет кодексінде Парламент қарауынан өтетін құжаттардың тізбесі кеңейтілді.
— Мемлекет қаржысын басқарудың қандай жаңа құралдары енгізілмек?
— Мемлекет қаржысын тиімді басқарудың ережесі қазір де бар. Бірақ мәселе сол ереженің орындалуында болып тұр. Әсіресе бюджет тапшылығы, мемлекеттік борыштың деңгейі, шығыстардың артуы сияқты көрсеткіштердің бәрі ереженің шегінен шықпауы керек.
Жаңа кодексте мемлекет қаржысының тұрақтылығы туралы сараптамалық есеп елдің 10 жылға дейінгі даму болжамымен алмастырылады. Бұл сараптамалық құжат мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізіне айналу керек. Ел дамуының ұлттық жоспары, орталық мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор мен өңірлердің даму жоспарлары осы төрттағанға икемделіп қабылданады.
Ең бастысы, елдің қаржылық мүмкіндіктері алдағы 10 жылға есептеліп жазылады.
Қазіргі бюджет процестері тым бюрократияланған, соны оңайлаттық. Стратегиялық жоспарлау мен бюджеттік жоспарлау бір-бірінен ажырап қалған. Игерілмей қалған қаржыны келер жылы аяқтау тетігі жоқ. Сол үшін блоктық бюджет тетігін енгіздік.
— Осы жеріне кеңірек тоқталайықшы…
— Блоктық бюджеттің тұжырымдамасы процедураларды оңтайландырып, икемді етуге бағытталған. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне өз бетімен әрекет ету мүмкіндігі де беріліп отыр.
Бірақ бюджет қаржысын мақсатқа сай игеру жауапкершілігі негізгі ұстаным болады.
Сондай-ақ, бір мақсатқа бірнеше бюджеттік бағдарлама ашуға тыйым салатын тікелей норма енгізу жоспарланған. Бұл ақшаны басқаруды жеңілдетеді.