Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жинақтар салықтан босатылады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексті қолданысқа енгізу туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен іліспе құжат екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды Kazinform.

Парламент
Фото: Kazinform/ Мұхтар Холдорбеков

«Заң жобалары Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларының орындалуын заңнамалық қамтамасыз ету мақсатында әзірленді, сондай-ақ, Конституциялық соттың 2023 жылғы 22 ақпандағы Нормативтік қаулысын іске асыруға, салық заңнамасының кейбір нормаларын жақсартуға және нақтылауға бағытталған», - деді депутат Мұрат Ергешбаев.

Осы заң жобасы аясында мыналар ұсынылды:

- Ұлттық қордан бөлінетін балаларға арналған нысаналы жинақтарды кіріс ретінде қарастырмау;

- коллекторлық агенттік, микроқаржы ұйымдары берешектерін кешірген кезде, жеке тұлғаның кірісі ретінде қарастырмау;

- жеке тұлғалардың микрокредиттері бойынша берешектерін есептен шығаруға байланысты, микроқаржы ұйымдарының кірістерін салық салудан уақытша үш жылға босату.

Биылдың 18 қазанында заң жобалары Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған.

Негізгі заң жобасын қарастыру кезінде депутаттардың кейбір ұсыныстары ескерілді. Қазақстан Республикасының азаматтары Конституциялық сотқа арыз беру барысында мемлекеттік бажды төлемейді. Құжатта баждың мөлшері нөлдік ставкада белгіленді.

Сонымен қатар, букмекерлік кеңсе және тотализатор қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың аппараттық-бағдарламалық кешендерін салық органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануды қамтамасыз ету жөніндегі міндет енгізу қарастырылған.

Ілеспе заң жобасы аясында Азаматтық процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстерге және «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Атап айтқанда, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушылары мен басқарушы компаниялары үшін олардың жобаларының құнына қарай салықтық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілін енгізу ұсынылды.

Соңғы жаңалықтар