Ұлттық қорды толтырудың қандай жолдары бар – экономист пікірі
АСТАНА. KAZINFORM – Бірер күн бұрын Мәжіліс «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң қабылдады. Заң жобасы қызу талқыланды, оның ішінде бюджеттің кірісі мен шығысы, Ұлттық қордың болашағы, жалпы ішкі өнім тағы сол сияқты бюджетке қатысты маңызды жайттар бар. Мәжіліс қабылдаған заңның жаңашылдығы мен басым тұстарын экономист Дастан Қаратаевтан сұрап көрген едік.
– 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң аясында, келер жылы әлеуметтік салаға 9,8 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл жалпы бюджеттің 45%-ын құрайды. Халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру үшін неге мән беру керек?
– Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Сол себепті, мемлекеттік бюджеттің 45% әлеуметтік салаға бөлу орынды. Қазақстанда халықтың жағдайын жақсарту үшін, меніңше, келесі бағыттарға назар аудару өте маңызды. Алдымен жаңа бос жұмыс орындарын құру. Экономиканың жаңа салаларын дамыту және шағын және орта бизнесті қолдау қажет. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және тұрақты жұмыс орындарын құруға көмектеседі. Келесі білім беру және кәсіптік оқыту. Білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының талаптарына сай етіп жаңарту маңызды. Қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламалары адамдарға экономикадағы өзгерістерге бейімделуге көмектеседі. Күркөріс деңгейін арттыру, ол үшін төменгі жалақыны көтерген абзал. Биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85000 теңге мөлшерінде белгіленді. Еліміздегі 2024 жылғы қыркүйек айындағы инфляция көлемі 8,3% құрады. Осыған байланысты ең төменгі жалақы мөлшерін кем дегенде 150 000 теңгеге ұлғайту қажет. Ең төменгі жалақыны ұлғайту және жұмыс берушілерді жалақыны көтеруге ынталандыру азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға көмектеседі. Одан бөлек, әрине әлеуметтік қолдау. Әлеуметтік жүйені нығайту және әлеуметтік қорғау бағдарламаларын кеңейту, соның ішінде көпбалалы отбасыларға және табысы төмен адамдарға көмектесу экономикалық қиындықтарды азайтуға көмектеседі.
– Алдағы үш жылдық республикалық бюджетті талқылау барысында экономиканың нақты секторын дамытуға аса мән берілді. (Салаға 2025 жылы 2,1 трлн теңге бөлу көзделіп отыр). Экономиканың нақты секторының бүгінгі шамасы қандай, бәсекеге қабілетті ме?
– Еңбек ресурстарының сапасын арттыру және инновацияларды ынталандыру үшін халықтың білімі мен кәсіби дайындығына инвестиция құюдан бастаған жөн. Нарықта қол жетімділікті қамтамасыз ету және өндіріс шығындарын азайту үшін көлік, энергетика және байланысты қоса алғанда, инфрақұрылымды дамытуға мән беру де маңызды. Экономиканың нақты секторын дамытуда шағын және орта бизнестің рөлі басым. Себебі кәсіпкерлікті ынталандыру арқылы жаңа жұмыс орындарын құруға болады. Ол үшін кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер мен несиеге қол жетімділікті толық қамтамасыз ету керек. Сонымен қатар отандық кәсіпорындардың еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру
үшін заманауи технологиялар мен инновацияларды енгізу ауадай қажет. Әрине, өнімді жасау бір бөлек, өткізу екінші мәселе, отандық өнім нарығын кеңейту үшін инвестиция құю қажет, осы орайда
халықаралық ұйымдармен және инвесторлармен ынтымақтасудың берері мол.
– 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, ЖІӨ-нің жылдық өсімін орта есеппен 5,4%-ға жеткізу көзделіп отыр. Жалпы ішкі өнімнің өсуін халық жағдайының жақсаруы деп айта аламыз ба?
– Жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі экономикалық өсудің көрсеткіші болуы мүмкін, бірақ әрқашан халықтың қуатының жақсаруына тікелей сәйкес келе бермейді. ЖІӨ өсуі мүмкін, бірақ егер ел байлығы біркелкі бөлінбесе, адамдардың көпшілігінің әл-ауқаты жақсармайды. Мысалы, ЖІӨ-нің өсуі адамдардың шағын тобының кірісін ұлғайту арқылы болуы мүмкін. ЖІӨ денсаулық, білім, экология және өмір сүру деңгейі сияқты факторларды ескермейді. Бұл аспектілер халықтың нақты әл-ауқаты үшін маңызды ЖІӨ-нің өсуі инфляцияға байланысты болуы мүмкін, бұл өмір сүру деңгейінің нақты өсуін білдірмейді. Осылайша, ЖІӨ-нің өсуі экономикалық дамудың көрсеткіші бола алады, бірақ халықтың әлеуметтік жағдайын бағалау үшін табыс деңгейі, теңсіздік, білім мен денсаулыққа қол жетімділік сияқты басқа көрсеткіштерді қарастыру қажет.
– Бюджет тапшылығы туындағанда Үкімет көбіне Ұлттық қорға жүгінеді, яғни ұлттық қордағы қаржыны жұмсайды. Ұлттық қорды сақтап қана қоймай, оны көбейту үшін инвестиция тартудың қандай тиімді жолдары бар?
– Ұлттық қордағы қаражатты сақтау және ұлғайту үшін экономикаға инвестиция тарту басты факті болып қала береді. Сондай-ақ, Қазақстан қор биржасы арқылы жетекші компаниялардың акцияларын, корпоративтік және мемлекеттік облигацияларды, басқа да құнды қағаздарды сатып алу. Одан бөлек, биржалық инвестициялық қорларды (ETF) пайдалану. Мысалы, KASE индексіне инвестиция салатын және Қазақстанның 8 ірі эмитентінің акцияларынан тұратын ETF FXKZ қоры. Бұл әдістер инвесторларға қазақстандық нарыққа қол жеткізуге және өз инвестицияларын әртараптандыруға мүмкіндік береді.