Ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн теңге алынады - заң мақұлданды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Ұлттық қордан 2025 – 2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңы мақұлданды.

Ұлттық қордың қаржысы
Коллаж: Kazinform; Freepik

«Құжат Бюджет кодексінің ережелері негізінде әзірленді. Бұл ретте, кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджеттік қағидаларға сәйкес анықталған. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы 2025 жылы барреліне 42,3 АҚШ доллары, 2026-2027 жылдары барреліне 41–39,4 АҚШ доллары деңгейінде белгіленген. Осыны ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2025-2027 жылдарға жыл сайын 2 трлн теңге көлемінде айқындалды», - деді Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.

Оның айтуынша, жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың таза валюталық активтері болжам бойынша 2025 жылы 62,2 млрд АҚШ долларын, 2026-2027 жылдары 69,9 – 78,7 млрд АҚШ долларын құрайды.

«Заң жобасын қабылдау республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар