Ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған нақты шаралар қажет – саясаттанушы

АСТАНА. KAZINFORM – Қаңтар оқиғасынан кейінгі саяси реформалар Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды қадам саналады. Дегенмен бұл реформалар тиімді әрі толыққанды жүзеге асуы үшін әлі де нақты шаралар қажет. Мұндай пікірді саясаттанушы Қазбек Майгелдинов білдірді. 

Ұлттық құндылықтарды дамытуға бағытталған нақты шаралар қажет – саясаттанушы
Коллаж: Canva

— 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда негізгі саяси реформалар қарқынды түрде жүзеге асырыла бастады. Оның бір ғана мысалы, сол оқиғадан кейін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум жарияланып, ол 5 маусым күні өтті. Бұл қаңтар оқиғасынан кейінгі саяси процестердің, саяси реформалардың маңызды қадамына айналды десек, артық айтқандық емес. Жалпы бұл реформалар не үшін қажет еді? Қаңтар оқиғасы көрсеткендей, елдің саяси жүйесін демократияландыру және либерализациялау өте маңызды болды. Сондықтан ең біріншіден саяси жүйені өзгерту қажеттігі туындады. Бұл тұрғыда Мәжіліс депутаттарын бірмандатты окургтер бойынша мажаритарлық жүйемен сайлау мүмкіндігі енгізілді. Демек, саяси бәсекелестікті арттыруға, азаматтардың өкілеттіктерін кеңейтуге бұл шын мәнінде терең ықпал етті деуге болады, — дейді Қазбек Майгелдинов.

Саясаттанушы мұнан кейін Президенттің орталықсыздандыру, яғни Мемлекет басшысының өкілеттіктерін бір жағынан шектеуден бұрын жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайту бағытында жасаған қадамдарын айрықша атап өтеді.

Әкім сайлауы
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

— Мәселен, ауылдардың, аудандық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау қолға алынды. Екі мыңға жуық әкім сайланды. Демек, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыру арқылы халықпен арадағы терең қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік берілді деп айтсақ болады. Мұнан бөлек, саяси партияларды тіркеу талаптарын жеңілдетуге алғашқы қадам жасалды. Партияларды тіркеу рәсімі оңайлатылып, саяси алаңда жаңа ұйымдардың пайда болуына мүмкіндік берілді. Парламенттің өзіне жаңадан пайда болған Respublika партиясы кірді. Қазіргі уақытта экологиялық «Жасылдар» партиясы, «Ынтымақ» партиясы тіркеуден өтуге талпыныс жасап жатыр. Бұл саяси плюрализм үшін өте маңызды, — деді ол. 

Оның атап өтуінше, Конституциялық реформалардың басты маңызы — Парламенттің күшеюі. Қазіргі таңда Мәжіліс заңды қабылдайды, бекітеді, яғни Сенаттың функциясы толықтай Мәжіліске берілді десек болады.

Парламент РК ҚР Парламенті
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

— Қосымша айтатын тағы бір мәселе бар. Демократиялық институттарды құру бағытында қадам жасалғанымен, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған әлі де болса нақты шаралар қажет. Әрине, Ұлттық құрылтайдың бұған дейін өткен үш отырысын айтар болсақ, онда көтерілген мәселе өте көп. Дегенмен, қазіргі таңдағы ұлттық құндылық, ұлттық идеология бойынша әлі де болса терең қадам керек. Одан бөлек, біздегі биліктегі элитаның қайта ротациясы қажет. Өйткені, әлі де болса жаңа буын шенеуніктердің, ел басқаратын азаматтардың саяси аренадағы жолы толықтай ашылмай отыр, — деді саясаттанушы.

Қазбек Өмірзақұлы пайымын қорытындылай келе қаңтар оқиғасынан кейінгі саяси реформалар Қазақстанның демократиялық даму жолындағы маңызды қадам саналатындығына баса назар аудартады.

— Десек те, бұл реформалардың тиімділігі, толыққанды жүзеге асуы үшін әлі де нақты шаралар қолға алынуы тиіс. Идеялар, алға қойылған мақсаттар бар. Бірақ, тетіктері әлі де әлсіреп тұр. Осы тұрғыдан алғанда, меніңше, бүгінгі жергілікті өзін-өзі басқарудағы жауапкершілікті нығайту, Президент Жолдауында айтылған заң мен тәртіп мәселесі барша азаматқа, соның ішінде билік басындағы элитаға да тікелей қатысты. Оның іске асырылуы нақты қадағалаумен, нақты талаппен қатар жүру керек. Сол кезде бұл саяси реформалардың шын мәніндегі нәтижесі болады, — деді Қазбек Майгелдинов.

саясаттанушы
Фото: Р. Тасымның жеке мұрағатынан

Ал Қазақстан қоғамдық даму институты Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығының басшысы, саясаттанушы Риззат Тасым қазіргі Қазақстан қоғамдық қатынастардың саяси жаңғыруы мен трансформациялану процестерін бастан кешіріп жатқанын айтады.

— Қаңтар оқиғасынан кейін басталған реформалар мемлекеттің азаматтардың сенімін нығайтуға және бүгінгі сын-қатерлерге төтеп бере алатын тұрақты саяси-экономикалық модель құруға деген талпынысын көрсетіп отыр. Негізі тоқырауға ұшыраған саяси жүйені жаңарту және сындарлы қоғамдық диалог қалыптастыру билік транзиті орын алған сәтте, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі бірден алғашқы Жолдауында жарияланған еді. Оның басты тірегі «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидасы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы болды. Алайда «қосарланған билік» тұсында аталған бағыт тежеліп, бүгінгі пост-қаңтар кезінде ғана шынайы болмысын тауып келеді, — деді Риззат Тасым.

Қаңтар
Фото: «Қаңтар хронологиясы» фильмінен алынған кадр

Саясаттанушының пайымынша, қаңтардан кейінгі саяси реформалардың басты мақсаты — барынша әділ және теңгерімді саяси жүйе құру. 

— «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптасуының бастапқы кезеңінде жоғары транспаренттілік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде кең ауқымды цифрландыру, сондай-ақ жобалық кеңселер мен мемлекеттік органдардың қоғамдық қабылдауларын құру арқылы басқарудың дәстүрлі форматы болды. Қазіргі кезеңде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» ҮЕҰ-ды, азаматтық белсенділерді қарқынды тарту, әртүрлі консультативтік-кеңесші органдар мен комиссияларды, салалық қауымдастықтарды құру және біріктіру арқылы билік пен азаматтық қоғам субъектілерінің өзара іс-қимылын күшейту негізінде институционализацияның белсенді фазасына өтті. Қоғамдық кеңестер мен Ұлттық құрылтай нығайтылып, мемлекеттік басқарудың қосымша контуры ретінде трансформацияланып жатыр, — деді ол. 

Қоғамдық үдерістерді зерттеу орталығы басшысының атап өтуінше, дәрменсіз саяси институттар мен жемқорлық та үлкен проблемаға айналып отыр. Азаматтардың пікірінше, осының барлығы саяси «жатсынуға» әкеледі.

— Сол себепті, қоғамның бірлігі қазір бұрынғыдан да маңызды. Жасырын саясаттан бас тарту, жария саясатты дамыту және қоғамның саяси шешімдер қабылдауға қатысуын кеңейту жолында қоғамның бірлігі мен тұтастығын одан әрі нығайту бойынша идеялар мен қадамдарды әзірлеу, сапалы дискуссияның кең ауқымын ұйымдастыру және ұтымды ойларды іріктеу аса қажет, — деді саясаттанушы. 

Kazinform агенттігі Қаңтар оқиғасының хронологиясын жинақтап көрген болатын. 

Соңғы жаңалықтар