Ұлттық құрама ойыншысы Бірінші лигадағы «Ертіс» сапына ауысты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық жартылай қорғаушы Арман Кеңесов «Ертіс» футбол командасының қатарына қосылды. Бұл жөнінде команданың баспасөз қызметі мәлім етті.

– Арман Кеңесовтің қатарымызға қосылғаны жайлы ресми түрде хабарлаймыз. 24 жастағы жартылай қорғаушы өскен өлкесінің клубында маусымның соңына дейін өнер көрсетеді, - делінген хабарламада.
«Ертіс» футбол орталығының түлегі негізгі команда сапында 2018 жылы тұсаукесер ойынын өткізген еді. Ол «Ертіс» жастар құрамасында 58, негізгі командада 14 матчқа қатысқан.
Сондай-ақ Арман «Ақтөбе» командасының жейдесінде үш маусым алаңға шығып, 81 кездесуге қатысты. Нәтижесінде 11 гол соғып, 6 нәтижелі пасымен көзге түсті. «Ақтөбемен» бірге Қазақстанның вице-чемпионы атанып, екі мәрте қола жүлдегер болған. Сонымен қатар ресейлік «СКА-Хабаровск» және қызылордалық «Қайсар» клубтарында доп тепті. Биылғы маусымда еліміздің жоғары біріншілігінде «Астана» клубының намысын қорғаған. Жалпы Қазақстан Премьер-Лигасында 106 матч өткізіп, 14 голды өз атына жазды.
Арман Кенесов Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 4 ойын өткізген.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Тұран» командасына жаңа бапкер тағайындалғанын хабарлаған едік.