Ұлттық онкология орталығы сүйек кемігін трансплантаттау санын жылына 180-ге дейін жеткізбек
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Ұлттық ғылыми онкология орталығында қан ауруларына шалдыққан 1,4 мыңға жуық пациент ем қабылдады. Осы кезеңде 60 сүйек кемігін трансплантаттау отасы жасалып, тағы 45 ересек пациент дайындық сатысында тұр.

Орталықта қан жүйесі аурулары бар науқастарға халықаралық стандарттарға сай кешенді көмек көрсетіледі. Оған болжамдық қауіптерді анықтау, жоғары дозалы және рецидивке қарсы химиотерапия, сондай-ақ гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау кіреді.
«Орталық қызметінің 15 жылында сүйек кемігін трансплантаттаудың барлық түрлері – аутологиялық, аллогендік туыстық, аллогендік туыстық емес және гаплоиденттік әдістер енгізілді. Осы уақыт ішінде 800-ге жуық операция жасалды. 2025 жылы “таза” үй-жайлар блогындағы төсек санын 15-тен 21-ге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл – халықаралық ең төменгі стандарт. Осылайша жылына 180 операция жасауға мүмкіндік туады», – деді орталықтың басшысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас гематологы, қауымдастырылған профессор Вадим Кемайкин баспасөз туры барысында.
Айта кетейік, Ұлттық ғылыми онкология орталығы – ересек пациенттерге сүйек кемігін трансплантаттау жүргізетін елдегі жалғыз медициналық мекеме. Қан жүйесінің қатерлі ауруларына шалдыққан пациенттердің өмір сүру ұзақтығын арттыруға заманауи химиотерапия хаттамалары, жаңа дәрілер және трансплантаттау көрсеткіштерін кеңейту мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар орталықтың ұйымдастыру-әдістемелік бөлімі аймақтардағы онкогематологиялық науқастарға әдістемелік және медициналық қолдау көрсетеді. Бұл заманауи емдеу тәсілдерін енгізуге, емдеу барысына мониторинг жүргізуге, оның тиімділігін бағалауға және өңірлік мекемелермен сабақтастық орнатуға сеп болады.
Донор іздеу жұмысы алдымен пациенттің туыстары арасынан басталады. Егер үйлесімді адам табылмаса, 2011 жылдан бастап Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы базасында жұмыс істейтін Сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімі қолданылады.
Қазіргі таңда тіркелімде 13 мыңнан астам әлеуетті донор бар. Осы базаның көмегімен, соның ішінде Ресей мен Италиядан келген пациенттерге де 19 туыстық емес трансплантаттау отасы жасалды. 2024 жылы алғаш рет HLA-типтеу бойынша толық сәйкес келетін донор Қазақстаннан табылып, ол Италия азаматына көмектесті.
Мамандардың айтуынша, 18 бен 45 жас аралығындағы және салмағы 50 келіден асатын кез келген сау адам донор бола алады. Аферез әдісімен алынатын дің жасушалары қауіпсіз, ауыртпалықсыз және адам денсаулығына зиян келтірмейді.
Бүгінде Қазақстанда онкогематологиялық дертке шалдыққан 13 мыңнан астам адам есепте тұр. Жыл сайын 2,5 мыңға жуық жаңа жағдай тіркеледі. Сүйек кемігін трансплантаттау – ауыр қан ауруларын емдеудің ең тиімді әдістерінің бірі, ал бұл бағыттың дамуы елімізде адам өмірін сақтаудың басты тетігіне айналып отыр.
Айта кетейік, Алматыда бірден 24 балаға ота жасалды.