Ұлттық шаңғы қауымдастығының бас хатшысы лауазымынан кетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық шаңғы қауымдастығының кезекті конференциясы өтті.

Аскар Валиев
Фото: ҚР Үкіметінің бапасөз қызметі

Отырыс барысында өткен Олимпиада кезеңінің нәтижелері қорытындыланып, қауымдастық құрамына кіретін федерациялардың жұмысы қаралды. Сондай-ақ шаңғы спорт түрлерін одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды.

Ұлттық шаңғы қауымдастығының мәліметінше, 10 жыл бойы бас хатшы лауазымын атқарып келген Асқар Уәлиев қызметінен кетті. Жиынға қатысушылар оған Қазақстандағы шаңғы спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесі, кәсібилігі және өткен Олимпиада кезеңдегі жемісті жұмысы үшін алғыс білдірген.

Одан бөлек конференция барысында қауымдастық мүшелері басқарушы құрамды сайлау бойынша дауыс берді. Оның қорытындысы бойынша Ұлттық шаңғы қауымдастығының бас хатшысы болып шаңғы жарысынан ел құрамасының бұрынғы бас бапкері Александр Батяйкин сайланды, ал атқарушы директор лауазымына Талғат Аяпбергенов бекітілді.

Kazinform тілшісіне берген сұхбатында Асқар Уәлиев Ұлттық шаңғы спорт түрлері қауымдастығымен байланысын үзбейтінін, бірақ қауымдастық президентінің кеңесшісі ретінде қызмет ететінін нақтылады.

Еске салайық, бұған дейін Халықаралық шаңғы спорты федерациясының жаңа президенті сайланды.