Ұлттық спорт – ұлт рухының ұстыны

АСТАНА. KAZINFORM – Наурыз мейрамы қарсаңында атап өтілетін Ұлттық спорт күні – қазақ халқының дәстүрлі ойындарын дәріптеп, тарихи-мәдени мұрасын жаңғыртуға бағытталған маңызды дата. Бұл мереке аясында еліміздің барлық өңірінде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріледі.

көкпар асық ату
Коллаж: Kazinform

Ұлттық спорт – тек жарыс емес, ол ұлттың болмысын, дүниетанымын және рухани құндылықтарын айқындайтын маңызды сала. Осы орайда ұлттық спортты дамытудың маңыздылығы, атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Самырат Әбдірахманмен сұхбаттасқан едік.

– Елімізде ұлттық спортты дамытудың маңыздылығы қандай?

– Елімізде ұлттық спортты дамытудың маңыздылығы стратегиялық тұрғыдан жоғары бағаланады және ол бірнеше негізгі бағытты қамтиды.

«Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК                                                                                    спорттық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы С. Әбдірахман
Фото: Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Біріншіден, ұлттық спорт түрлері – халықтың тарихи-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі. Көкпар, бәйге, қазақ күресі, асық ату сияқты дәстүрлі ойындар ғасырлар бойы қалыптасып, ұлттың тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен тығыз байланыста дамыған. Сондықтан оларды жаңғырту мен дамыту – ұлттық құндылықтарды сақтау және оларды кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызды тетігі.

Екіншіден, ұлттық спорт жастар арасында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға ықпал етеді. Дәстүрлі спорт түрлерімен айналысу арқылы жас ұрпақ өз халқының тарихын, мәдениетін құрметтеуді үйренеді. Бұл өз кезегінде ұлттық бірегейліктің нығаюына әсер етеді.

Үшіншіден, ұлттық спорт халықтың денсаулығын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Бұқаралық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салты кеңінен насихатталып, қоғамдағы дене белсенділігі артады. Бұл – ұлт денсаулығын нығайтудың негізгі факторларының бірі.

Төртіншіден, ұлттық спортты дамыту еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қазақтың ұлттық спорт түрлері әлемдік аренада таныла бастады, түрлі халықаралық жарыстар ұйымдастырылып, шетелдік спортшылардың қызығушылығы артып келеді. Бұл Қазақстанды бірегей мәдениеті бар мемлекет ретінде танытуға ықпал етеді.

ұлттық спорт
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Сонымен қатар ұлттық спорт туризм саласының дамуына да оң әсерін тигізеді. Ірі жарыстар мен фестивальдер шетелдік туристерді тартып, ел экономикасының дамуына үлес қосады.

Түйіндей айтсақ, ұлттық спортты дамыту – тек дене шынықтыру саласын жетілдіру ғана емес, сонымен бірге ұлттық рухты көтеру, мәдени мұраны сақтау, жастар тәрбиесі мен елдің халықаралық беделін арттыруға бағытталған маңызды мемлекеттік міндет.

– Ұлттық спортты дамыту бағытында қандай шаралар атқарылып жатыр? Қандай жоспарлар бар?

– Қазіргі таңда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

ұлттық спорт
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Біріншіден, мемлекет тарапынан спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы жылдары елімізде бірқатар спорт нысандары салынды. Мысалы, 2023 жылы Шымкент қаласында жаңа ипподром ашылса, биыл 21 наурызда Түркістан қаласында жаңа нысандар іске қосылып жатыр. Бұл ұлттық спортпен айналысуға халықтың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Екіншіден, ұлттық спорт түрлері бойынша түрлі жарыстар мен іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Елімізде жыл сайын жүздеген спорттық іс-шара өткізіліп, оның ішінде қазақ күресі, асық ату, көкпар, дәстүрлі садақ ату сияқты ұлттық ойындарға ерекше мән беріледі.

Үшіншіден, кадр даярлау мәселесіне назар аударылып жатыр. Жаттықтырушыларды даярлау, олардың біліктілігін арттыру және әлеуметтік мәртебесін көтеру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.

ат спорты
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Алдағы жоспарлардың қатарында ұлттық спортты халықаралық деңгейде ілгерілету көзделіп отыр. Бұл – ұлттық ойындарды әлемдік аренаға шығару, халықаралық жарыстар өткізу және шетелдік қатысушыларды тарту арқылы жүзеге асады.

Сондай-ақ ауылдық жерлерде ұлттық спортты дамытуға басымдық беріледі. Арнайы алаңдар салу, жарыстар ұйымдастыру арқылы ауыл жастарын спортқа тарту көзделген.

Биыл Қырғызстанда 30 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жан-жақты дайындық жүргізу де негізгі жоспарлардың бірі.

– Ұлттық спортпен айналысатын қазақстандықтардың саны қанша?

– Қазақстанда ұлттық спортқа қызығушылық жоғары деңгейде. Қазіргі есеп бойынша 640 674 адам адам тұрақты түрде ұлттық спортпен шұғылданады.

ұлттық спорт
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Спорт түрлері бойынша: тоғызқұмалақпен – 203 023, қазақ күресімен – 157 475, асық атумен – 107 070, көкпармен – 90 132 адам айналысады. Сонымен қатар бәйге, аударыспақ, жекпе-жек, дәстүрлі садақ ату, теңге ілу, жамбы ату, құсбегілік сияқты спорт түрлері де дамып келеді.

– Ұлттық спорт күні қандай жарыстар өтеді?

– Ұлттық спорт күні аясында еліміздің әр өңірінде түрлі жарыстар ұйымдастырылады.

ұлттық спорт
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Астана қаласында 20 наурыз күні «Наурыз-2026» мейрамын мерекелеу аясында Ұлы дала ойындары өтеді. Бұл шарада ұлттық спорт түрлерінен отбасылық эстафеталар ұйымдастырылып, әр мекемеден бес отбасы қатысады.

Сонымен қатар асық ату, бес асық, садақ ату, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар