Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясының басшысы тағайындалды
АСТАНА. KAZINFORM — Бауыржан Мұратұлы «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС бас директоры қызметін атқаратын болды, деп хабарлайды «ҚазМұнайГаз» ҰК ресми арнасы.
Компания ұжымына жаңа басшыны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тасымалдау және логистика департаментінің директоры Ерболат Меңдібаев таныстырды.

Бауыржан Мұратұлы 1986 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген.
2008 жылы Бундесвер Әскери-теңіз академиясын штурман қызметі (кеме жүргізу) мамандығы бойынша, 2017 жылы Ө.Жолдасбеков атындағы Экономика және құқық академиясын заңтану мамандығы бойынша және 2018 жылы Бундесвер Бас штабының академиясын бітімгершілік контингенттерді басқару мамандығы бойынша бітірген.
2025 жылы Алматы менеджмент университетін тәмамдап, іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие болды.
Еңбек жолын ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Әскери-теңіз базасының (бұдан әрі — ҚР ҚК ӘТК ӘТБ) әртекті кемелерінің жекелеген дивизионының штурмандық жауынгерлік бөлімінің командирі болып бастаған.
Әр жылдары ҚР ҚК ӘТК ӘТБ штабының жедел бөлімшесінің аға офицері, штабты жұмылдыру және жасақтау бөлімшесінің бастығы, «Қазақстан» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық саясат департаментінің аға офицері, ҚР ҚК ӘТК ӘТБ әртекті кемелерінің жекелеген дивизионының командирі, ҚР ҚК ӘТК әскери-теңіз базасының командирі — бас қолбасшының орынбасары, «FSSA» ЖШС теңіз логистикасы жөніндегі менеджері қызметтерін атқарды.
Бұл тағайындауға дейін «KMG Systems& Services» ЖШС бас директорының орынбасары болып жұмыс істеді.
Осыған дейін Абай облысы Полиция департаментінің бастығы ауысқаны хабарланды.