Ұлттық ұлан «Бәйтерек» кешенін мемлекеттік күзетпен қамтамасыз етуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенін құру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

нацгвардия
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

- «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені бойынша бүгінгі таңда жұмыстар белсенді сатысында тұр. «ЦЭНКИ» АҚ (бас әзірлеуші ұйым) конструкторлық және пайдалану құжаттамасын әзірлеуді, технологиялық жабдықтарды дайындауды жалғастыруда. 2024 жылдың қыркүйегінде «Байқоңыр» ғарыш айлағына зауыттық сынақтан өткен алғашқы технологиялық жабдық жеткізілді. Қазақстан тарапынан жоба тиісті инфрақұрылым құрылысын қаржыландырудың қажетті көлемімен қамтамасыз етілген. 2025-2027 жылдарға республикалық бюджетте 63 млрд теңге қарастырылған, - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Оның дерегінше, 2024 жылғы 25 қараша мен 8 желтоқсан аралығында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Бәйтерек» БК» АҚ өкілдерінен құралған бірлескен комиссия «Бәйтерек» ҒЗК құрамдас бөліктерінің жабдықтарын дайындау жөніндегі жұмыстардың нақты орындалуын тексеру үшін ресейлік кәсіпорындарға барды. Тексеру нәтижелері бойынша «Бәйтерек» ҒЗК құру шартының талаптарына сәйкес нақты орындалған жұмыс көлемі расталды. «Бәйтерек» ҒЗК объектілерін ұстау және пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Шериф-Н» ЖШС жеке мамандандырылған күзет ұйымы тартылды.

- «Бәйтерек» ҒЗК мемлекеттік күзетпен қамтамасыз ету үшін Ұлттық ұланды тарту мәселесі қосымша пысықталып жатыр. Ол үшін Үкіметтің 2011 жылғы 7 қазандағы № 1151 «Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің кейбір мәселелері» қаулысына сәйкес кешенді мемлекеттік қорғауға жататын объектілерді инженерлік-техникалық нығайту жөніндегі талаптарға сәйкес келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді Олжас Бектенов.

2025 жылға дейін Байқоңыр ғарыш айлағынан тоғыз рет зымыран ұшыру жоспарланғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар