Ұлттық ұланда қызметтік иттер 44 қылмысты ашуға көмектесті
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгінгі таңда құқықтық тәртіп әскерлерінің қатарында 900-ге жуық қызметтік иттер бар. Олар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ашуға қатысуы - ҚР ІІМ Ұлттық ұланының ажырамас бөлігі болып табылады.

Соңғы жылдары қоғамдық тәртіпті және маңызды мемлекеттік объектілерді қорғауда қызметтік иттерді қолдану және пайдалану кезең-кезеңімен енгізіліп, жарылғыш заттар мен есірткі құралдарын іздеу қызметі дамытылды, арнайы мақсаттағы бөлімшелерде шабуылдау иттерінің санаты енгізілді. Осыған орай төрт аяқтылар бақылау пунктінде көліктерді тексеру үшін, сотталғандар мен қамауға алынған адамдарды айдауылдау бойынша қарауылдарда белсенді пайдаланылатынын айта кеткен жөн. Қызметтік иттер бақылау объектілерінің периметрін ғана күшейтпей, адам өмірін сақтап қалуда маңызы зор. Одан бөлек қылмыскерлерді ұстауда, қылмыстарды ашуда жауынгерлік иттер - таптырмас қолғабыс. Сөзімізге дәлел ретінде мынандай статистикалық деректерді ұсынамыз: жыл басынан бергі 9 айда қызметтік иттерді пайдалану арқылы 56 құқық бұзушылық әркеттер анықталып, 44 қылмыс ашылды. Бұл ретте қылмыс жасаған 34 адам ұсталып, олардан 17 кг 981 гр. марихуана, 1 кг 200 гр. кокаин, 632 гр. синтетикалық заттар, «мефедрон», «көкнәр сабаны», «жылдамдық», «спайс» секілді 20 кг есірткі құралы табылды. Сондай-ақ 5 атыс және суық қару, 34 оқ-дәрі, жалпы сомасы 1 млн теңгеден астам мүлік тәркіленіп, хабар-ошарсыз жоғалған деп есептелген 9 адам табылды.

Дәл осындай жолмен 12 сәуірде сағат 16.30-да 6699 әскери бөлімінің (Өскемен қаласы) № 22 мекемесіндегі көліктік бақылау-өткізу пунктінде тексеру тобы «Кирюхов» ЖК-де тіркелген 25 гипс қоспасы тиелген «ЗиЛ» маркалы автокөлікті қарап шықты. Локи есімді есірткі іздеуші иті өз іс-әрекетімен қаптардың бірін белгілейді. Ол қапты рентген аппараты арқылы мұқият тексеру кезінде салмағы шамамен 300 грамм болатын сұр-жасыл түсті өсімдік тектес гашиш есірткі заты бар үш полиэтилен орамы табылды. Өскемен қалалық полиция басқармасының жедел тергеу тобы келген соң, қалған қапшықтар тексеріліп, көлемі 0,5 л еріткіш бөтелкелерге құйылған 10 литр этил спирті анықталды.

9 ақпанда «Тосқауыл» жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу кезінде Көкшетау қаласының желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Ақкөл-Шортанды станциясындағы темір жол өтпесін бірлесіп тексеру барысында шамамен 03.45те 5510 әскери бөлімінің аға маман-кинологы сержант Самат Шәкенов Ханзада лақап атты есірткі құралдарын іздеуші қызметтік итін қолданып, іргелес аумақтағы теміржол станциясының қызметкеріне тиесілі салмағы 5 кг өсімдік тектес зат (марихуана) салынған пакет табылды.

19 маусымда «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде 6697 әскери бөлімінің (Қостанай қ.) кинолог маманы аға сержант Сергей Абросимов пен Фиона атты есірткі құралдарын іздеуші иті Қостанай қаласы полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесе отырып, 1977 жылы туылған Д. есімді азаматшаның қоймасын тінту кезінде салмағы шамамен 1200 кг құрайтын әрқайсысы 25 килограмдық қапқа салынған 48 өсімдік тектес заттың (көкнәрдің) бары белгілі болды. Іс-шара аяқталғаннан кейін Д. есімді азаматша одан әрі тергеп-тексеру үшін қалалық полиция басқармасына жеткізілді.

Кинология қызметінің мамандары мен олардың төрт аяқты достары қала көшелерінде құқықтық тәртіпті сақтауға, қылмысқа қарсы күреске, объектілерді күзету мен айдауылдаудың сенімділігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуда.
Қарқынды дамытылып жатқан техника құралдары жақсы дайындалған қызметтік иттің мүмкіндігін алмастыра алмайды. Тәуелсіз Қазақстанның кинология қызметі - қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындайтын бөлімшелердің ажырамас бір бөлігіне айналды.
Қазақстанның құқық тәртібі әскерлері кинологиясының тарихы
Егер ҚР Ұлттық ұланының (бұрынғы ІІМ Ішкі әскерлерінің) кинология тарихы туралы айтатын болсақ, 1991-2000 жылдар аралығында кинолог-мамандар мен қызметтік иттер қылмыстық-атқару жүйесі объектілерін күзетуде және сотталғандарды айдауылдауда ғана қолданылды. Одан әрі 2000 жылдан 2010 жылға дейін қызметтік иттерді нәтижелі қолдану 22 оқиғадан 47-ге дейін ұлғайды. Бұл фактіге 2001 жылы жедел және арнайы бөлімдердің штаттарында кинологтар мен қызметтік иттердің санының көбеюін, мина іздестіру иттерінің санаттарының енгізілуін жатқызамыз. 2006 жылы әскери қызметтің келісімшарт негізіне көшуі кинологиялық бөлімшелерді жасақтауға септігін тигізді. Кинологтар лауазымына бұрынғыдай әскерге шақырылушы сарбаздар емес, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер алына бастады. Олардың алғашқы дайындығы Алматы облысы Қаракемер кентіндегі 6654 әскери бөлімінің базасында жүргізілді. Сол кезеңде иттердің саны 14% -ға артты.

Сондай-ақ кинология қызметінің одан әрі дамуы республиканың құқық қорғау және арнайы органдарымен өзара іс-қимылымен тығыз байланысты. 2022 жылдан бастап кинолог мамандар халықаралық жарыстарға белсене қатысуда. 2023 жылы Бос лақап атты ит Беларусь Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің XXIV ашық чемпионатында кинологтардың қызметтік көпсайысы бойынша «Есірткі құралдары мен психотроптық заттарды іздеуде жалпы және арнайы дағдылар кешені» пәнінде 2-орынды иеленді.Ал Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөлімінің кинологиялық қызмет мамандары тобының аға нұсқаушысы ефрейтор Мәулен Қайырбаев және оның Айза атты иті, жарылғыш заттарды іздеу бойынша Шымкент қаласы 6506 әскери бөлімінің кинологиялық қызмет мамандары тобының бастығы сержант Ерболат Асанов және оның Риза атты иті, есірткі құралдарын іздеу бойынша Семей қаласы 5511 әскери бөлімінің кинологиялық қызмет мамандары тобының аға нұсқаушысы сержант Архат Бөкенбаев және оның Лэда атты иті - Ұлттық ұланның елішілік біріншілігінің ең үздіктері саналады.
