Ұлттық ұланның 650 жауынгері су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға әлі де көмектесіп жатыр

Ұлттық ұлан
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық ұлан жауынгерлері Қазақстандағы су тасқыны болған Атырау облысында әлі де көмек көрсетуді жалғастырып жатыр.  Атырау облысындағы жағдайды құзыретті органдар бақылауда ұстап отыр. Жайық өзеніндегі су деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Қазіргі сәтте құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен ұландықтар су тасқынына қарсы іс-шаралар ұйымдастыруды тоқтатқан жоқ. Атырау облысына тағы да көп мөлшердегі су келуі мүмкін. Салдарынан осы өңірде су тасқынының екінші толқыны болуы ықтимал деген жорамал бар. 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің бұйрығымен ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан жауынгерлерінің күшімен және құралдарымен Атырау облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Ұлттық ұлан
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Мәселен, бүгінде 5546 (Атырау қ.) және 5451 (Қарағанды қ.) әскери бөлімдерінен 700–ге жуық әскери қызметші осы өңірге тартылды. Ұландықтар полицейлер сондай-ақ құтқарушылармен бірлесіп инертті материалдары бар қапшық дайындау, бөгет салу, су айдындарының жағалауын нығайту жұмыстарымен, әлі де адамдарды эвакуациялаумен шұғылданып жатыр.

Сонымен қатар, таңнан кешке дейін 150-ден астам атыраулық әскери қызметші Еркінқала кентіндегі су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып жатыр. Ал, Атырау полкінің 20-ға жуық сарбазы үнемі келіп тұратын гуманитарлық көмекті түсірумен және тиеумен шұғылданып жатыр.

Ұлттық ұлан
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Қарағандылық ұландықтар Ракуша кентінде жағалауды нығайту, қаптарға құм толтыру және оларды төсеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Бұдан бөлек олар Атырау-Көпір-Әлиев, Балықшы, Көк-Арна-Балық зауыты, Жаңаталап, Балық аулау каналы шағын аудандары мен Атырау-Индер-Бесікті тас жолы, Суарнасы-Орталық, ФОК маңайларындағы жұмыстарға да жұмылдырылған. 5451 әскери бөлімінің сарбаздары Құлсары қаласының аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді қолға алған. Әскери қызметшілер осы ірі елді мекенде екі ауысымда патрульдік-бекеттік қызмет атқарады.

Ұлттық ұлан
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Айта кетейік, 5517 (Орал қ.) және 6655 (Ақтөбе қ.) әскери бөлімдерінің 400 әскери қызметшісі де өз өңірлерінде патрульдік-бекеттік қызмет атқарып жүр. Ұландықтар күндіз-түні қауіпсіздік мақсатында азаматтарды су басқан үйлерге жібермей тұр. Оларға Ұлттық ұланның Ми-171Е тікұшағы көмекке берілді.

«Жалпы, су басқан өңірлердегі су тасқынына қарсы іс-шаралар басталғаннан бері апаттың алдын алу және салдарын жою үшін 3000-нан астам ұландық жұмылдырылды. Олар 120 автомобиль техникасы мен 6 әуе кемесін пайдаланды. Нәтижесінде 1781 адам эвакуацияланды, ұзындығы 115 шақырымнан астам жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ 1 463 500 қап дайындалып, білгіленген жерлерге төселді. Су тасқыны болған жерлерге 160 тоннадан астам гуманитарлық жүк жеткізілді және күзетшілер 2300 тонна гуманитарлық жүкті түсіруге көмек берді»,  — делінген хабарламада. 

 

Соңғы жаңалықтар