Ұлттық ұланның қатарында қанша әйел әскери қызметші бар
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде ҚР ІІМ Ұлттық ұланының қатарында 1478 әйел әскери қызметші қызмет атқарып жатыр. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлім етті.
Олар ер азаматтармен иық тірестіре отырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, стратегиялық маңызы бар нысандарды күзету және құқықтық тәртіпті сақтау бағытындағы жауапты міндеттерді абыроймен орындап, дәстүрлі түрде ерлерге тән салада лайықты қызмет етіп жүр.
Олардың кәсіби қызметі құқықтық тәртіп әскерлерінің негізгі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, 240-тан астамы қаржы саласында қызмет етіп, бюджет қаражатының ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Шамамен 50 әскери қызметші байланыс бөлімшелерінде коммуникациялық жүйелердің үздіксіз жұмысын бақылайды.

— 80-ге жуық әйел әскери қызметші маңызды мемлекеттік нысандарды күзетуге жұмылдырылған, 50-і — авиация саласында қызмет етеді, ал 53 маман әскери қызметшілердің барлық санаттарының моральдық-психологиялық ахуалына жауап береді, — делінген хабарламада.
200-ден астам әйел офицерлік лауазымдарды атқарып, жоғары кәсібилік деңгейін, басқарушылық құзыреттері мен көшбасшылық қасиеттерін айқын көрсетіп келеді.
Погон таққан арулар Ұлттық ұланның жауынгерлік қабілетін нығайтуға және тиімділігін арттыруға сүбелі үлес қосып, Отанға қызмет ету ер мен әйел деп бөлінбейтінін күн сайын дәлелдеп жүр.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген сөзіне түрлі салалар бойынша еліміздің абыройын асқақтатып жүрген әйелдердің рөліне тоқталып, әйелдер отбасындағы қасиетті миссиясы мен Отан алдындағы қастерлі міндетін қатар атқарып жүргенін айтқан еді.