Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығы құрылады – Ғани Бейсембаев

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Сенат жанындағы «Талдау мектебі» қоғамдық жобасының қатысушыларымен кездесіп, инклюзия және арнайы білім беру мәселесін сарапқа салды.

Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығы құрылады – Ғани Бейсембаев
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Ведомство басшысының мәліметінше, өткен жылы елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 230 мыңнан асты. Инклюзиялық білім берудің қажеттілігі мен маңыздылығын ескере отырып, министрліктің құрылымында инклюзивті және арнайы білім беру департаменті құрылды.

Өткен жылы ғылыми қауымдастық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп біраз жұмыс істелді. Инклюзиялық және арнайы білім беру саласындағы барлық нормативтік құжатқа талдау жүргізіліп, нәтижесінде 15 нормативті-құқықтық акт қабылданды. Осыған орай баланың дүниеге келген сәтінен бастап оқу оқып, мамандық алған кезіне дейін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің үш деңгейлі үлгісі енгізілді. Қолдау кабинеттері үшін жаңа талаптар бекітілді. Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс үшін жеке бағдарламалар әзірленді. Одан бөлек педагог-ассистент, арнайы педагог, жеке көмекші секілді жаңа лауазымдар пайда болды.

- Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығын құру туралы шешім қабылданды. Оның мақсаты педагогтерге әдістемелік сүйемелдеу көрсету, білім берудегі қиындықтарды анықтау және алдын алу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметін үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыру, - деді Ғани Бейсембаев кездесу барысында.

Министрдің айтуынша, әсіресе балалардың әлеуметтік бейімделуіне ерекше көңіл бөлініп жатыр.

- Дәл осы мақсатта Алматы қаласындағы Арнайы және инклюзивті білім беру орталығын трансформациялау қолға алынып жатыр. Маңыздылығына баса назар аударар тағы бір жаңалық — былтырдан бастап техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балалар үшін квота саны өсті. Онымен қоса «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кешенді қолдау көрсету туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр, - дейді ол.

Сондай-ақ, Ғани Бейсембаев білім беру ұйымдарында жайлы орта қалыптастыру барлық білім алушы үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін негізгі фактор екенін айтты.

Еске сала кетейік, былтырдан бастап инклюзивті білім беруде психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілді. 

Соңғы жаңалықтар