Ұлттық жоба: Өңірлерде алғашқы жобалар іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Вице-премьер Қанат Бозымбаев Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын тексерді. Ол пилоттық жобаларды қаржыландыру, сатып алу тетігі, отандық өндірушілерді қолдау және «Smart Turmys» бірыңғай цифрлық платформасын құру мәселелері бойынша есептерді тыңдады. 

Ұлттық жоба: Өңірлерде алғашқы жобалар іске қосылды
Фото: Үкімет

Қазіргі уақытта Ұлттық жоба аясында 48 пилоттық жоба бекітілген. Биыл «ҚТК» АҚ желісі бойынша Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында 10 пилоттық жобаны іске қосуға 22,5 млрд теңге бөлінді. Бұл – «ҚТК» АҚ тарапынан әкімдіктердің облигацияларын сатып алып, жылу, су, су тазарту және электрмен жабдықтау нысандарын жаңғыртуға бағытталған алғашқы тәжірибе.

«ҚДБ» АҚ қарауында жалпы құны 118,4 млрд теңгені құрайтын 8 жоба бар. Мемлекеттік органдар отандық тауар өндірушілер мен табиғи монополия субъектілері арасында өзара іс-қимылды ұйымдастырды. Отандық өндірушілердің тізілімі жасақталып жатыр. Өңірлер бойынша 669 EPC-мердігер және 2,2 трлн теңгенің 2,7 мың тауар позициясы айқындалды. 

Ұлттық жоба: Өңірлерде алғашқы жобалар іске қосылды
Фото: Үкімет

Офтейк келісімшарттар аясында өндірісті жолға қою үшін әлеуетті тауарлар тізімі жасалды. Тауарларға деген сұраныс Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің және «QazIndustry» АҚ-ның ресми сайттарында жарияланды. 

Электрондық сатып алу платформасы әзірленуде. Сала қауымдастықтары мен отандық өндірушілерге тауарларды сатып алу тетігін түсіндіру бойынша кездесу өтті. Ұлттық жобаның негізгі бағыттарын түсіндіру мақсатында өңірлерде көшпелі семинар-кеңестер жалғасып жатыр. Ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысы modernization.kz сайтында және «Модернизация.Кз» Telegram-арнасында жарияланып отырады. 

Ұлттық жоба: Өңірлерде алғашқы жобалар іске қосылды
Фото: Үкімет

Жобалық офис отырысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына цифрландыру, жабдықтандыру және жасанды интеллект енгізу, сондай-ақ халықаралық тәжірибені зерделеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. 

Ұлттық жоба: Өңірлерде алғашқы жобалар іске қосылды
Фото: Үкімет

Жиынды қорытындылай келе, вице-премьер Қанат Бозымбаев әкімдіктер мен салалық министрліктерге қолданыстағы барлық процесті жедел аяқтау және 2026–2029 жылдарға арналған өңірлердің қажеттіліктерін айқындау жөнінде бірқатар тапсырма берді. 

Соңғы жаңалықтар