Ұлттық «Бала Дауысы» балалар ән байқауы басталды

Байқаудың негізгі мақсаты - балаларға арналған жаңа әндер арқылы олардың музыкалық шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ оқытушыларға әдістемелік көмек көрсету.
«Бала дауысы» байқауыныңреспубликалық шығармашылық марафоны 13- ші мамырдан 29- шы қазанға дейін жалғасады.
«Біріншіден, «Бала дауысы» - «Жандану әлемі» қорының ұйымдастырылуымен өткізілген шаралардың бірі, әрі бірегейі. Оның еліміздегі өзге де балалар ән байқауынан бірден-бір ерекшелігі - ұлттық жоба екендігінде. Ал мақсаты-анық, айқын. Бойында әншілік қасиеті, дарыны бар балаларға өзін көрсетуге, вокал ұстаздарынан сабақ алуға мүмкіндік беру. Сонымен қатар, Қазақстандағы мектептер мен балабақшаларға қазақ тіліндегі жаңа әндерді ұсыну. Әнге әуес, құштар жас өнерпаздарға қолдау көрсету», - деді «Жандану әлемі» қорының басқарма төрағасы Мұрат Исаханов.
Ән байқауының 2 - ші маусымы Павлодар қаласында басталуы, әлбетте, кездейсоқ емес. Оның бірден бір себебі: «Бала дауысы - 2016» байқауының жеңімпаздары павлодарлық кішкентай жұлдыздар - Мерхат Жылқыбаев пен Мария Затварницкая.
13 мамыр - 22 маусым аралығында танымал музыканттар, композиторлар мен продюсерлерден тұратын «Жандану әлемі» Қорының шығармашылық тобы еліміздің барлық аймақтарында, Астана және Алматы қалаларында 7 және 13 жас аралығындағы өнерсүйер дараларға арналған «Бала дауысы» жобасының іріктеу кезеңдерін өткізеді. Әр облыстан ақтық мәреде облыс намысын қорғайтын жеке орындаушы анықталады. Былтыр байқау тікелей эфирде 3 күн көрсетілген болатын. Қатысушылар әлемдік хиттерді, халық аңыз әндерін және қазақстандық композиторлардың туындыларын орындайды. Ұйымдастырушылар бұрын соңды болмаған көрсетілімдерді дайындайды.
Байқау соңында әр қатысушыға естелік сыйлықтар мен жобаға қатысқаны туралы сертификаттар беріледі. Ал, музыка пәні мұғалімдеріне арнайы балаларға арналған жаңа ән жинақ тапсырылады.
Іріктеудің ең жарқын сәттері 2 - ші қыркүйек пен 21- ші қазан аралығында байқаудың күнделіктерінде, жобаның ақпараттық серіктесі - КТК арнасының эфирінен көрсетіледі.
Күзде еліміздің үздік 16 дауысы «Бала дауысы» ән мектебінде, Алатау тауларының баурайында орналасқан «Бөбек» Ұлттық орталығында бас қосады. Күнделікті, кәсіби музыканттар, хореографтар, стилистер балаларды Супер-финалдың телевизиялық түсірілімдеріне дайындайды.
27, 28 және 29 қазан күндері «Алматы Арена» мұз сарайында байқаудың Супер-финалы өтеді. Көрермендер қазақ эстарада жұлдыздарының және байқау финалисттерінің қатысуымен өтетін үш жарқын және қайталанбас кештің куәгері бола алады. Байқаудың барлық ақтық кезеңдерін кәсіби қазылар алқасы және смс-дауыс беру арқылы телекөрермендер бағалайды.
Барлық 16 финалисттер арнайы сыйлықпен марапатталып, ал, ең үздік деп танылған Бала дауысы еліміздің таңдаулы музыкалық білім ордасында оқуға Грант және ертегі әлемі Диснейлендке саяхат жолдамасын иеленеді.