12:14, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Ұлттық банк ақша айырбастау қосындарында заңдылық бұзылған жағдайда санкция қолданып лицензияларды қайтып алуға дейін барады- Ұлттық банк төрағасы
АСТАНА. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлттық банк ақша айырбастау қосындарында заңдылық бұзылған жағдайда санкция қолданып лицензияларды қайтып алуға дейін барады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр-Отан» ХДП фракциясының отырысында Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Еліміздегі ақша айырбастау қосындарында шетелдік валютаны сату-сатып алу бағамындағы ауытқуларға нормативтік шектеулер болады. Қазіргі таңда біз бұның құқықтық аспектілерін қарастырудамыз. Ал валюталық заңдылықтың бұзылғаны жағдайында Ұлттық банк санкция қолдану шарасын жүргізуі мүмкін. Әрі мұндай жағдай орын алса, ақша айырбастау қосындарының лицензияларын алып қою да қарастырылады», деді Г. Марченко.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, теңге девальвациясы басталған алғашқы күні ғана долларды сату-сатып алуда айтарлықтай айырмашылық орын алған. Бұның өзі жекелеген ақша айырбастау орындарының пайда табу мақсатындағы алыпсатарлығын тудырған.
«Ақпанның 5-індегі, кешегі күннің екінші жартысында ірі банктердегі ақша айырбастау қосындарында доллар бағамы 152 теңгеден аспады. Сондықтан да қолма-қол валюта нарығындағы жағдай тұрақталып келеді. Сонда да біз халықтың ірі банктердегі ақша айырбастау қосындары қызметін пайдалануға кеңес берер едік», деді Г. Марченко.