Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 13,0%-ға дейін төмендетті
Инфляция толық көлемде Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес келеді, ағымдағы жағдайлар сақталған кезде инфляциялық үдерістердің жеделдеу тәуекелдері барынша төмен, бұл едәуір ықтималдылықпен 2016 жылдың соңына қарай инфляцияның нысаналы дәліздің 6-8% жоғары шегіне жетуін күтуге мүмкіндік береді. Бір жылға бағаланатын базалық мөлшерлеменің инфляцияға әсер етуінің уақытша аралығын назарға ала отырып, базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім инфляцияны алдағы 12 айда және 2017 жылдың соңына дейін көрсетілген нысаналы дәліздің шегінде сақтаудағы сенімділікті растайды.
Базалық мөлшерлеме бойынша шешім мынадай факторларды ескере отырып қабылданды.
Сыртқы нарықтағы оң үрдістер қолма-қол шетел валютасы нарығында, сол сияқты банк депозиттері нарығында валюталық активтердің теңгедегі активтерге ауысуы жөніндегі соңғы 4 айдағы үрдістің жалғасуына ықпал етуде.
2016 жылғы мамыр-маусымдағы мұнайдың әлемдік нарықтарындағы бағалары күткендегіден әлдеқайда жоғары деңгейде қалыптасты. Ұлыбританиядағы Еуропалық одақтан шығу жөніндегі референдумның нәтижелері қаржы нарықтарындағы қысқамерзімді турбуленттіліктің өсуіне әкелді, алайда Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуынан тікелей тәуекелдер Қазақстан үшін шектеулі ретінде бағалануда.
Ішкі валюта нарығындағы ахуал тұрақты, валюталық тәуекелдерге қатысты жағымсыз күтулер төмендеуде. Ұлттық банктің бағалауынша, теңге бағамы іргелі сыртқы және ішкі факторлардың үйлесуін көрсетті, мұны оның соңғы айлар ішінде шамалы өзгеруі және Ұлттық банктің ішкі валюта нарығына қатысу деңгейі растап отыр.
Ақша нарығында өтімділіктің құрылымдық профициті байқалуда, осыған орай Ұлттық банк артық өтімділікті алу операцияларын белсенді түрде жүргізуін жалғастыруда. Төмен кредиттік белсенділік және кредиттік ресурстарға деген сұраныс инфляциялық үдерістердің жылдамдау тәуекелдерін шектей отырып, оған экономиканың нақты секторына ауысуына мүмкіндік бермейді.
Іс жүзіндегі инфляция мәні Ұлттық банктің бағалауымен сәйкес келеді. 2016 жылғы бірінші жартыжылдықта оның деңгейі 4,6%-ды, маусымда 0,4%-ды құрады. Халықтың инфляциялық күтулері және кәсіпорындардың мониторингі бойынша сұратуларға сәйкес нақты сектор кәсіпорындарының тұтыну тауарларына және дайын өніміне баға өсуінің барынша қалыпты қарқындары күтілуде. Негізгі сауда әріптес елдердегі инфляция бәсеңдеуде. Елдегі экономикалық белсенділіктің төмен деңгейде сақталуы тежеуші фактор болып қалуда.
Базалық мөлшерлеме бойынша кейінгі іс-әрекеттер инфляция бойынша іс жүзіндегі деректерге, олардың болжамнан ауытқуына, халық пен нарықтың инфляциялық күтулеріне, сондай-ақ экономика субъектілерінің валюталық басымдықтарына байланысты болады. Базалық мөлшерлеменің ықтимал төмендеуі инфляция деңгейінің нысаналы диапазонға жақындауын куәландыратын орнықты белгінің болуына негізделетін болады. Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешім 2016 жылғы 15 тамызда Астана қаласының уақыты бойынша 17.00-сағатта жария етілетін болады.