Ұлттық банк екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастырады
«2023 жылдың мамыр айында жылдық инфляция біздің болжауымызға сәйкес наурыз айында басталған төмендеу үрдісін жалғастырып, 15,9%-ды құрады. Азық-түлік инфляциясы 16,5%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 17,2%-ға, сервистік инфляция 13,5%-ға дейін баяулады. Әлемдегі азық-түлік бағасының төмендеуінен және Қазақстанның сауда-серіктес елдерінде инфляцияның айтарлықтай баяулауы әсерінен сыртқы сектордың бағаларға қысым көрсетуі біршама әлсіреді», - Ғ. Пірматов.
Оның айтуынша, жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты елдегі инфляцияның одан әрі баяулауына ықпал етеді.
«Біздің жаңартылған болжамдарымыз бойынша, 2023 жылы жылдық инфляция 11-14% шегінде қалыптасып, 2024-2025 жылдары одан әрі баяулайды. Реттелетін қызметтерге тарифтердің ұлғаюына қарай және жанар-жағармайдың қымбаттауы баға деңгейіне тікелей әрі жанама әсер етуіне байланысты инфляция бойынша болжам өсу жағына қайта қаралды. Ұлттық банк екінші жартыжылдықта базалық мөлшерлемені бірқалыпты және байыппен төмендету мүмкіндігін қарастырады», - деді ҰБ басшысы.