Ұлттық банк ипотекалық берешегі барлардың қысқы маусымда баспаналарынан шығарылуына жол бермейді
Бұл туралы бүгін ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«2014 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен, Алматы әкімдігімен, «Нұр Отан» партиясымен, қарыз алушылардың мүдделерін қорғайтын қоғамдық бірлестіктермен және жекелеген екінші деңгейдегі банктермен Өзара әрекеттесу және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды» - делінген хабарламада.
Меморандумға қол қоюшы тараптар, банк алдындағы берешегін біржолғы өтеуге қабілетсіздігін құжатпен растаған ипотекалық несие алушылардың мәселелерін шешудің оңтайлы жолдарын іздестіру бойынша қажетті және ықтимал шараларды қабылдау жөнінде өзара келісімге келді.
Меморандумның мақсаты - банктерден несие алушыларға көмек көрсету және мерзімі өткен берешегі бар әрі халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың жылу маусымы кезінде баспаналарынан шығарылуына жол бермеу (шығару кезінде тұрғын үйдің меншік иесі банк болып табылған жағдайда) мәселелерін реттеу.
Бұл ретте Меморандум ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешу жолдарын іздестіруге бағытталған іс-шаралардың тізбесін айқындайды.