Ұлттық банк қазақстандық банктерге рубльді бір рет елден шығаруға рұқсат береді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарт- ҚР Ұлттық банкі республикада жинақталған ресейлік рубльдің көлемін шетелге бір рет әкетуге рұқсат беру арқылы азайтпақ. Бұл туралы банк өкілі Әлия Молдабекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың наурыз айында Мемлекет басшысының 10 мың АҚШ долларынан асатын сомадағы шетел валютасын елден шығаруды шектеу жөніндегі Жарлығы қабылданды. Шара қолма-қол шетел валютасына алыпсатарлық сұраныстың қысымын төмендетуге және шетел валютасын елден әкету тәуекелдерін ретке келтіруге мүмкіндік берді. Өңірде ішкі қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін көрші елдер де осындай шаралар қабылдады»,- дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова .

Сонымен қатар, ол елден шетелдік валютаны әкетуге шектеулер қойғандықтан Ресеймен өзара сауда байланысы салдарынан Қазақстан банктерінде қолма-қол рубль жинақталып қалғанын атап өтті.

«Бұған, ең алдымен, шекара маңындағы сауданың қомақты көлемі, сондай-ақ ЕАЭО-ға қатысушы елдер азаматтарының одақ ішінде туристік және өзге де мақсаттармен еркін жүруі сияқты факторлар әсер етті. Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп жинақталған рубльге қатысты мәселені шешу үшін Жарлыққа толықтырулар енгізді, онда екінші деңгейдегі банктер үшін қолма-қол рубльді бір рет әкету мүмкіндігі көзделген. Мәселен, Үкімет қаулысының жобасында 2022 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша кассаларда жинақталған көлем шегінде қолма-қол Ресей рублін әкетуге рұқсат беру жоспарланған. Оны қаулы күшіне енген сәттен бастап 2022 жылғы 31 тамызға дейін жүзеге асыру қажет»,- деді банк өкілі.

Алайда, ол рубльді бір рет әкету аралық шара екенін тілге тиек етті.

« Бұл Қазақстан банктерінде Ресейдің қолма-қол рублінің жинақталу проблемасын шешпейтінін түсінеміз. Банктердің қолма-қол рубльді әкетуге тыйым салуды толығымен жою мәселесін қарау сауда ағындарына талдау жүргізуге және жағдайдың тұрақтануына қарай мүмкін болмақ»,- деп түсіндірді Әлия Молдабекова.


Соңғы жаңалықтар
telegram