Ұлттық банк Қазкоммерцбанкке 400,8 млрд. теңге қарыз берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі «Қазкоммерцбанк» АҚ-ға қысқа мерзімді уақытқа 400,8 млрд. теңге көлемінде заем берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Ұлттық Банк басқармасы осыған дейін «Қазкоммерцбанк» АҚ-ға банктің жүйелік маңыздылығын ескере отырып, 400,8 млрд. теңге сомасында қысқамерзімді қаржыландыру беру туралы шешім қабылдаған болатын. Қарыз банк клиенттерінің алдындағы міндеттемелерді орындау үшін өтімділіктің қосымша қорын қамтамасыз ету мақсатында берілді. Бүгінгі күні банк өтімді активтердің жеткілікті көлеміне ие, бұл оған қарызды ішінара мерзімінен бұрын өтеуге мүмкіндік берді. «Қазкоммерцбанк» АҚ Ұлттық Банкке бұрын бөлінген қаражаттың жартысын қайтарды», - делінген ҚР Ұлттық банкі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ Ұлттық банктен атап өткендей, қазіргі уақытта банктерді капиталдандыруды ұлғайту банк секторының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осыған байланысты Ұлттық Банк ағымдағы қадағалау процесі шеңберінде акционерлермен, оның ішінде «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның акционерлерімен капиталдандыру деңгейін арттыру жөнінде келіссөздер жүргізуде.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі Qazkom-ды құтқару үшін 1,5 трлн теңге (4,5 млрд доллар) қажет болуы мүмкіндігін хабарлаған болатын. Аталмыш операция (банкті құтқару) - қазіргі таңда Казкоммерцбанк АҚ мен ҚР Ұлттық банкі өкілдерінің талқылап жатқан баламаларының бірі және ол 7 жыл бұрын мемлекет банктің берешектерін өтеу мақсатында 20 млрд доллар берген жаһандық қаржы дағдарысынан кейінгі ірі оқиғалардың біріне айналуы мүмкін. Qazkom мен Ұлттық банк өкілдері пікір білдіруден бас тартты, деп жазған болатын Bloomberg.

Осыдан кейін Qazkom Фейсбуктағы парақшасында өз міндеттерін толық атқарып, клиенттердің жинақ ақшалары сақталатынына толық кепілдік беретінін жазды.

 

 

Соңғы жаңалықтар