Ұлттық банк кейбір БАҚ-та валюталық операциялар бойынша жалған ақпарат таратылғанын мәлімдеді

АЛМАТЫ. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ұлттық банкі кейбір БАҚ-та девальвация қарсаңында жүргізілген валюталық операциялар бойынша жалған ақпараттың берілуіне байланысты ресми мәлімдеме жасады,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жекелеген БАҚ теңгенің девальвациясы қарсаңында Қазақстан Қор биржасында 2 миллиард АҚШ долларының сатып алынғаны және осы мәміленің операторы «Альянс банкі» АҚ-ның болғаны, «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ мен «Қазкоммерцбанк» АҚ девальвацияның алдында ғана ҚР Ұлттық Банкінен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ депозиттерінің кепілдігіне теңгемен кредит алғаны, сондай-ақ девальвациядан кейін сол арқылы пайда тапқаны туралы жазды. Осыған байланысты Ұлттық банк шынайы емес мәліметтер тарататын жекелеген тұлғалардың немесе ұйымдардың іс-әрекетін арандатушылық, тұтастай алғанда Қазақстанның банк жүйесін тұрақсыздандыруға және жекелеген банктердің беделіне нұқсан келтіруге бағытталған әрекет деп санайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер жүргізген валюталық операциялардың жалғандығын әшкерелеу үшін Қазақстан Қор Биржасынан ресми деректер ұсынды. «ҚР Ұлтық банкі девальвация жүргізу туралы шешімді Қазақстан қор биржасында және банкаралық нарықта сауда-саттық аяқталғаннан кейін ақпанның 3-інде қабылдады. Биржада АҚШ долларын сатып алу үшін ахуалды пайдалану мүмкін емес. Девальвацияны дайындау және ендіру бойынша барлық іс-шаралар 24 сағаттан аз уақыт ішінде жүргізілді. Қаңтарда 3 миллиард доллар, ал ақпанның алғашқы күндері сөз болып отырғандай 2 емес 1,5 миллиард доллар сатылды. Ал «Қазақстанның Халық Банкі» мен «Қазкоммерцбанк» қаңтардың 30-ында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-нан 120 миллиард теңге мөлшерінде сома алды. Олар ҚР Ұлттық Банкінен осы қаражатты кепілге беріп, сол сияқты басқа да кепілдерге ақпанның 2-сінде және 3-інде қосымша заемдар алған жоқ. «БТА Банк» ақпанның 2-сінде 212 миллиард теңге, «Альянс Банк» 24 миллиард теңге алды. Қаңтардың 30-ы мен ақпанның 3-і аралығында Қазақстан қор биржасының валюталық секциясында «БТА Банк» аса ірі ойыншы болды, үш күннің қорытындылары бойынша бұл банктің операцияларының көлемі жалпы көлемнің шамамен 27 пайызын құрады. «Альянс Банк» барлық көрсетілген мерзімде 20 миллион доллардан сәл ғана асатын соманы сатып алды, бұл операциялардың аз ғана көлемін құрайды. «Альянс банк» қандай да болмасын мәміленің «операторы» бола алмайтын еді, себебі оның сауда-саттықтарға қатысуы айтарлықтай аз болды. ҚР Ұлттық банкі «Қазақстанның Халық Банкі» мен «Қазкоммерцбанкке» «Самұрық-Қазына» қоры қаражатының кепілдігімен ешқандай кредит берген жоқ. Сипатталған барлық «операция» жасырын автор қиялының жемісі болып табылады», делінген мәлімдемеде.
Соңғы жаңалықтар