10:12, 02 Ақпан 2009 | GMT +5
Ұлттық банк Үкіметтің БТА Банктің акцияларын сатып алуға қатысты қадамын қолдайды
АСТАНА. Ақпанның 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ұлттық банк Үкіметтің БТА Банктің акцияларын сатып алуға қатысты қадамын қолдайды. Бүгін ҚР Үкіметінің отырысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченко осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Соңғы бірнеше ай бойы «БТА Банктің» қызметтері негізінен Ұлттық банктің апталық-қысқа мерзімді кредиттері арқылы ғана қамтамасыз етіліп келді. Бұндай соңғы қаражат өткен аптада ғана бөлінген болатын. Егер біз осындай қадамдарды жүзеге асырмасақ, банк қызметінде дефолт басталар еді. Оның үстіне Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің мәліметіне сәйкес, банк клиент алдындағы төлем тапсырыстарын жүзеге асырмай келген. Бұдан басқа «БТА Банк» басшылығының Ұлттық банк алдындағы қарызын өтей алмайтындығы туралы ресми хаты да бар. Сондықтан да «БТА Банк» АҚ акцияларын сатып алуға қатысты шараларды толық қолдаймыз», деді Г. Марченко.