18:44, 04 Ақпан 2009 | GMT +5
Ұлттық банктің халықаралық резервтері 6 пайызға төмендеді
АЛМАТЫ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қаңтар айында Ұлттық банктің халықаралық резервтері ағымдағы бағамен 6 пайызға немесе 1 160,3 миллион долларға төмендеді.

Бұл банк төрағасы Григорий Марченконың бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ішкі валюта нарығында валюта сату және Үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету бойынша операциялар Ұлттық банктегі Үкімет шоттарына валютаның түсуімен және 2-ші деңгейдегі банктердің шетел валютасындағы корреспонденттік шоттарындағы қалдықтардың ұлғаюымен ішінара бейтараптандырылды. Соның нәтижесінде таза валюталық қорлар 1191,9 миллион долларға азайды. Ал алтындағы активтер оның әлемдік нарықтарда бағасының 1,6 пайыз өсуі нәтижесінде 32,6 миллион долларға ұлғайды. Жалпы тұтастай алғанда елдің халықаралық резервтері ұлттық қордың ақшасын қосып есептегенде қаңтар айында 1,1 пайызға азайды. Сондай-ақ ақша базасы 38,1 пайызға ұлғайды. Оның негізгі себебі, жекелеген коммерциялық банктердің Ұлттық банктегі теңгелік корреспонденттік шоттарына «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының ақшасын аудару болды.