Ұлттық Банктің қазіргі валюта нарығына қатысуы мәжбүрлі шара болып отыр – Ғалымжан Пірматов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов ұйымның валюта нарығына қатысу шарттары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Ұлттық Банктің қазіргі жағдайларда валюта нарығына қатысуы мәжбүрлі шара болып отыр, өйткені жекелеген кезеңдерде шетел валютасын сатушылардың болмауы не санының шектеулі болуы байқалуда, бұл нарықтың қалыпты жұмыс істеуіне теріс әсер етеді. Сыртқы факторлар нашарлаған жағдайда биржалық сауда-саттықтың жабылуы нарық қатысушылары тарапынан үрей туғызып, алыпсатарлық әрекеттердің одан әрі өршуіне әкелуі мүмкін», - деп жазды Ғалымжан Пірматов депутаттық сауалға берген жауабында.

Оның айтуынша, бұл жағдайда импорттаушылар шетел валютасын сатып ала алмайды, өйткені құбылмалылық пен белгісіздік артқанда әдетте, валюта нарығында шетел валютасының шектеулі ұсынысы байқалады, бұл ауыр салдарларға әкеп соғуы мүмкін.

«Ұлттық Банк Қазақстан қор биржасымен бірлесіп мәмілелердің ықтимал көлемін барынша ұлғайтуға мүмкіндік беретін және негізсіз құбылудың алдын алуға бағытталған Франкфурт аукционы тетігін әзірледі. Мәселен, 28 ақпанда және 9 наурызда сыртқы геосаяси факторлар тарапынан валюта нарығына қысымды азайту мақсатында теңге - АҚШ доллары жұбының биржадағы сауда-саттығы Франкфурт аукционы форматында өтті.

Бұл ретте Ұлттық Банк айырбастау бағамының еркін өзгеру қағидаттарын ұстанатынын атап өтеміз. Теңге бағамы бұдан былай да іргелі факторлардың әсерінен қалыптасатын болады, мұнда қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалығы геосаяси ахуалдың дамуына, ішкі қатысушылардың күтуіне және әлемдік нарықтардағы серпінге де байланысты болмақ», - деді Ғ. Пірматов.


Соңғы жаңалықтар