18:08, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Ұлттық банктің валюта айырбастау орындарына қатысты ұсынысын қолдаймыз - Kaspi bank басқарма төрағасы
АЛМАТЫ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кaspi bank Ұлттық банктің валюта айырбастау орындарына қатысты ұсынысын қолдайды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кaspi bank-нің басқарма төрағасы Михаил Ломтадзенің пайымдауынша, бұл шара қолма-қол валюта нарығын бақылау үшін жасалып отыр. Бүкіләлемдік қаржы жүйесінде өзгеріс жүріп жатқанда Ұлттық банктің мемлекеттік ұлттық мүддені, яғни Қазақстан тұрғындарын қорғап қалу үшін барлық күш-жігерін жұмсап жатқаны айқын. Ұлттық валютаның тұрақты болуына Ұлттық банк қана емес, барлық қазақстандық мүдделі болуы керек. «Ұлттық банктің ресми бағамынан әлдеқайда жоғары бағам бойынша теңгені өзге валютаға айырбастау тұрғындарды алаяқтарға ұрындырып, шығынға әкеп соғатынын біз бұған дейін де бірнеше мәрте мәлімдегенбіз. Айырбас орындарына қатысты бұл шешім нарықты валюталық алаяқтардан тазартатынына сенімдімін. Мұндай алаяқтар сәтін пайдаланып, эмоцияға берілген қазақстандықтардың есебінен барынша пайда табатынына бәріміздің көзіміз жетті», дейді М. Ломтадзе. Оның сөзіне қарағанда, Кaspi bank өз тарапынан клиенттерінің сұраныстарына жауап беруге дайын. Өз өнімдері бойынша клиентке ыңғайлы валютада емін-еркін қызмет көрсете алады.