13:43, 05 Мамыр 2009 | GMT +5
Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жалғасуда ?Маңғыстау облысы
АҚТАУ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысында Ақтау қалалық білім бөлімі 2008-2009 оқу жылына арналған іс-шаралар жоспарын жасақтады.

Осы жоспарға сәйкес мектептерде аптасына бір рет, білім бөлімімен екі аптада бір рет байқау сынақтары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық білім бөліміне сілтеме жасап. Қалалық білім бөлімінің бұйрығымен Ақтаудағы мектептерде кеңес беру орталықтары ашылған. Онда оқушылар, физика, химия, Қазақстан тарихы пәндері бойынша дайындалып, дәрістер алуда. Мұндай орталықтарда дәріс беруге жоғары және 1 санатты білікті мұғалімдер таңдалып алынған. Биыл Ақтаудағы жалпы білім беретін орта мектептерді 1201 түлек бітіріп шығады. Кеңес беру орталықтарына олардың 254-і, «Ақтау-Достық» орталығына 125-і барып дайындалып жүр. Жеке пәндер бойынша репетиторға 325 бала, №11 орта мектепте орналасқан «Дарын» орталығына 72 оқушы барып дайындықтан өтуде. Қалған 400-ге жуық бала тек мектепте өткізілетін байқау сынақтарына қатысып, өз білім деңгейлерін сынауда. Орта балл бойынша Маңғыстау облысы соңғы үш жылда, атап айтқанда, 2006 жылы ? 62,23, 2007 жылы ? 68,16, 2008 жылы - 72,9 балл көрсеткішіне ие болған. Ал биыл оны 80-85 баллға дейін көтеру үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған сынақтар нәтижесіне қарағанда, бүгінде Ақтаудағы экономикалық лицей, №4, №13 мектеп-гимназияларындағы оқушылардың дайындық сынақтан жинаған орта баллы ? 90 мен 100 аралығында. Ал №23, 28, 11 орта мектептердің орта баллы ? 85-ке дейін. Төменгі балл, яғни 60-65 балды №8, 2, 17 орта мектептердің шәкірттері жинаған. Биылғы оқу жылында «Алтын белгіге» үміткерлер саны ? 23, ал үздік аттестатқа үміткер оқушы - 18.