Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілетін арттыру қажет - Серік Жұманғарин

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Алматыда өтіп жатқан VII Еуразиялық монополияға қарсы форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілетін арттыру қажет - Серік Жұманғарин

Оның айтуынша, елдегі негізгі экономикада нарықтық билік пен монополияландыруды болдырмас үшін бәсекелестіктің тепе-теңдік деңгейіне жету көзделген. Сондықтан жиында көтерілетін бәсекелестік төңірегіндегі мәселелер еліміздің алдағы дамуы үшін өте маңызды.

Сонымен қатар, Серік Жұманғарин бәсекелестікті дамытуға және үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып монополияға қарсы заңнаманы жетілдіруге көмектесу - агенттік қызметінің басым бағыттары екенін атап өтті.

«Елдеріміздің нарық субъектілері үшін тең бәсекелестік жағдай – ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды факторы», - дейді ол.

Сондай-ақ форум барысында Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі министрі Арман Шаққалиев бәсекелестікті дамытудың жаңа тәсілдерін атады.

«Цифрлық платформалардың қызметін кеңейту, халықаралық картельдерді жандандыру, трансұлттық корпорациялардың рөлін күшейту сияқты бәсекелестікті дамытудың жаңа сын-қатерлеріне іс жүзінде ұлттық деңгейде тиімді жауап беру мүмкін емес. Осы тұрғыда комиссия мен ұлттық монополияға қарсы ведомстволардың ынтымақтастығы бірінші орынға шығады. Сондықтан Еуразиялық монополияға қарсы форум сияқты алаңдар бізге тиімді пікір алмасуға ғана емес, сонымен қатар «сағаттарды салыстырып тексеруге», одан әрі ынтымақтастықтың векторларын анықтауға мүмкіндік береді», - дейді Арман Шаққалиев.

Айта кетейік, Алматыда жеті елдің монополияға қарсы сарапшылары бәсекелестікті дамыту саласындағы ең өзекті мәселелерді талқылап жатыр.