Ұлттық ғылым академиясы қызметін қаржыландыруға 500 млн теңге бөлінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық ғылым академиясы қызметін қаржыландыруға 500 млн теңге бөлінді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «ҚР ҰҒА» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы тапсырмасын орындау мақсатында ҚР ҰҒА-ны қайта ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. 2022 жылғы 30 маусымда «Ғылым туралы» ҚР Заңына ҚР ҰҒА қызметіне қатысты өзгерістер енгізілді», - деп атап өтеді Асхат Аймағамбетов жауабында.

Оның дерегінше, ҚР Қаржы министрлігі ҚР ҰҒА қызметін қаржыландыруға 511 311 мың теңге бөлген.

«Сондай-ақ, министрлік ҚР ҰҒА жарғысының жобасын әзірледі және қызмет түрлерін ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен келісті. 2022 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек Алматы қаласында ҚР ҰҒА Президиумымен, министрліктің Ғылым комитетінің ғылыми ұйымдарының басшыларымен жұмыс кездесуін өткізді. Жұмыс кездесуінің нәтижелері бойынша министрліктің бұйрығымен ҚР ҰҒА мәртебесін өзгерту бойынша негізгі нормативтік-құқықтық құжаттарды әзірлеумен айналысатын ҚР ҰҒА-мен бірлескен жұмыс және сараптама топтары құрылды. ҚР ҰҒА-ны қайта құру жұмысы жалғасуда», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар
telegram