Ұлттық компания басшылығы отандық электромобильге ауысты
Агенттік басшысы Марат Омаров отандық электромобильді өзі жүргізіп көрді.
«Еліміздегі инновациялық қызметті насихаттау - ТДҰА басты міндеттерінің бірі. JAC өндірісінің іске қосылуымен, электромобильдер халыққа қолжетімді бола түсті. Сондықтан, агенттік отандық электромобильдерді күнделікті қолдануға болатынын іс жүзінде дәлелдеп, өзгелерге үлгі көрсетпек. Бағдарлама нәтижелері туралы халыққа белсенді түрде хабар тарататын боламыз», - деді «ТДҰА» АҚ Басқарма төрағасы Марат Омаров.
Электромобиль - экологиялық таза және тиімді көлік түрі. Олар әдеттегі отынмен жүрмейді, таза әрі жаңартылатын электр энергиясын пайдаланады. Үнемі ауыстырып отыруға тура келетін сұйықтықтар мен материалдарды да аса көп қажет етпейді.
Қазақстандағы JAC электромобиль құрастырушыларының айтуынша, көліктің бұл түрін 7 сағатта немесе тез қуаттау құралымен бір сағатта қуаттауға болады. Батарея 39 кВт есептелген және машинаның жүру қоры 350 шақырымды құрайды. Ең қымбат тарифты негізге алғанның өзінде 350 шақырым жүру үшін көлікті 1000 теңгеден астам теңгеге қуаттауға болады. Электромобильдер өз жылдамдығын 11 секундта 100 шақырымға дейін үдете алады. Өндірушілер көліктің қолжетімді бағада сатылатынын айтуда.
Одан бөлек, ТДҰА электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуға қолдау білдіріп келеді. 2016 жылы Агенттік «Электромобильге арналған қуаттау станциясы» жобасына грант бөлді. Бүгінде грант иелері «Отандық электромобиль» пилоттық бағдарламасы аясында қолданылатын отандық қуаттау станцияларын табысты жүзеге асыруда.
«Аталған құрылғы шетелдік құрылғылардан екі есеге арзан және сапасы жағынан да кем түспейді. Бұл жоба Қазақстанда шетелдік аналогтармен бәсекелес бола алатын лайықты технологиялардың бар екенін айғақтайды», - деп сөзін түйіндеді Агенттік басшысы.
«Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына кіреді. «ТДҰА» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес инновациялық даму үрдісін үйлестіруді қамтамасыз етуге жәрдемдесу және мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастыру мақсатымен құрылған.