«Ұлттық қор – балаларға»: Жиналған қаражат доллармен беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Ұлттық қор - балаларға» жобасы аясында балалар жинақталған қаражатын доллармен алады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Кейбір заңнамалық актілерге Ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Ерболат Саурықов «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында жинақталатын қаражаттың инфляциясына кім жауап беретіндігін сұраған еді.

«Инфляция мәселесі осы заң жобасында қарастырылған, әзірленген кезде қарастырдық. Ең бастысы, қаражат доллармен жинақталады. Бала 18 жасқа толған кезде ақшаны доллармен алады. Сондықтан қандай да бір инфляциялық ауыртпалық болмайды», – деді Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова да Ұлттық қор қаражаты доллармен сақталатынын айтады.

«Әрине, АҚШ долларының инфляциясы Қазақстан инфляциясынан төмендеу. Доллар инфляциясы 2-4 пайыз аралығында болады. Сондықтан Ұлттық қордың кірістілігін доллармен есептейміз», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар