Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферттер қысқарады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферттер қысқарады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық банкпен бұрын келісілген тәсілге сәйкес Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферттер 2022 жылы берілетін 2,4 трлн теңгеден 2024 жылы 2 трлн теңгеге дейін қысқарады. Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес, экономиканың құлдырауы кезеңінде дағдарысқа қарсы бағдарламаларды, әлеуметтік маңызы бар жобаларды, стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың балама көздері болмаған кезде - оларды қаржыландыру үшін ҚР Президентінің шешімі бойынша ғана Ұлттық қордан нысаналы трансферттер бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық банкке Ұлттық қордың активтерін сақтау және көбейту қосымша міндеттелді», - деді Е. Досаев.

«Жоғарыда айтылғандар негізінде 2022-2024 жылдарға арналған нысаналы трансферттердің көлемін Мемлекет басшысымен келісу қажет. Нысаналы трансферттер есебінен ұсынылатын шығыстардың жекелеген баптары осыдан бұрын 2020-2021 жылдары қаржыландырылғанына және ағымдағы сипатқа ие екеніне назар аудартқым келеді», - деді ҰБ басшысы.

Айта кетейік, Үкімет отырысында ҚР 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы», «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңдарының жобалары мен «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022-2024 жылдарға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасына қолдау жасалып, мақұлданды.




Соңғы жаңалықтар