12:22, 14 Маусым 2023 | GMT +5
Ұлттық қордан балаға аударылатын 100-200 доллар тым аз – Жигули Дайрабаев
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында балалар алатын қаражат көлемін арттыру үшін жұмыс істеледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейбір заңнамалық актілерге Ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау барысында депутат Жигули Дайрабаев баланың шотына жыл сайын 100-200 доллар аудару тым аз екендігін баса айтты.
«Балалардың болашағынан ештеңе аямау керек. Қаражатты қайта есептеу керек», – деді депутат.
«Бүгінгі таңдағы барлық есептеу – 2000 жылдан бастап, Ұлттық қор құрылған кезден бергі цифрлар. Алдымызда тұрған мақсат – қор көлемін 100 млрд долларға жеткізу. Бұл цифрлардың көлемі артады деген сеніміміз бар. Ұлттық банк, Үкімет оның (балалар 18 жасқа толғанда алатын қаражат) көлемін арттыру үшін жұмыс істейді. Сондай міндет алдымызда тұр», –деді осы орайда Қаржы вице-министрі.