Ұлттық қордың инвестициялық кірісі кейінгі бір айда 455,6 млрд теңгеге артқан

Кесте түрінде берілген есепте 1 қыркүйектегі Ұлттық қордың активі 27 трлн 956 млрд 883 млн 727 мың теңгеге жеткені айтылады. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 27 трлн 357 млрд 667 млн 648 мың теңге еді.
Ұлттық қордың жыл басынан тамыз айына дейінгі түсімі – 3 трлн 48 млрд 816 млн 777 мың теңге. Ал қыркүйектегі түсімдердің жалпы көлемі 4 трлн 98 млрд 644 млн 181 мың теңге болып отыр. Демек, кейінгі бір айдағы түсімі 1 трлн 49 млрд 827 млн 404 мың теңге деген сөз. Оның ішінде бір айда мұнай секторы ұйымдарынан алынатын тікелей салықтар ретінде 591 млрд 844 млн 153 мың теңге түскен.
Қорды басқарудан түскен инвестициялық кірістер, яғни 2024 жылдан бастап балалар шотына аударылатын кірістің жыл басынан бергі мөлшері 838 млрд 665 млн 90 мың теңге болған. Бір ай бұрын бұл сома 383 млрд 40 млн 707 мың теңге көлемінде еді. Яғни, бір айда инвестияциялық кірісі 455 млрд 624 млн 383 мың теңгеге артқан.
1 қыркүйектегі жағдай бойынша, жыл басынан бері Ұлттық қордан 2 трлн 916 млрд 646 млн 167 мың теңге пайдаланылған. Тамыз айныда бұл сома 2 трлн 466 млрд 34 млн 842 мың болатын. Демек, бір айда пайдаланылған сома 450,6 млрд теңгеге жетіп отыр.