Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу: бюджетке берілетін трансферттер біртіндеп азаяды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ұлттық банкпен бірлесе отырып, Ұлттық қордың инвестициялық кірісін көтеруге қатысты шара қабылданып жатыр. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарастыру кезінде Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Ұлттық қордың қаражатын үнемдеу саясатын жалғастыру мақсатында республикалық бюджетке берілетін трансферттер қаражатын біртіндеп азайту жалғасатын болады. Сондай-ақ, Ұлттық банкпен бірлесіп, қордың инвестициялық кірістерін арттыруға қатысты шара қабылданып жатыр. Бұл Мемлекет басшысының Ұлттық қордың қаражатын 2030 жылға қарай 100 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді», - деді Е. Жамаубаев.

Бұдан бөлек ол ұлттық жобаларға жеке тоқталды.

«Қазіргі кезде қолданыстағы 10 ұлттық жобаның іс-шараларын Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне және өзге де құжаттарға интеграциялау бойынша жұмыс аяқталып келеді. Нақты салаларды дамытуға бағытталған 2029 жылға дейінгі 15 тұжырымдама бекітілді. Олар Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жоспарымен үйлестірілген. Сондай-ақ, жаңа форматтағы «Жайлы мектеп», «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары бекітілді.

Бұдан бөлек, «Қолжетімді интернет» жобасы әзірленді. Сөйтіп, нақты проблемаларды шешуге бағытталған қысқа əрі нұсқа құжаттар форматына көшу жүзеге асырылып жатыр», - деді Қаржы министрі.


Соңғы жаңалықтар