18:26, 16 Қазан 2013 | GMT +5
Ұлттық қордың төмендетілмейтін шектегі қаражат мөлшері 20 пайыздан 30 пайызға арттырылды - Е. Досаев
АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ұлттық қорындағы белгіленген төмендетілмейтін шектегі қаражаттың мөлшері ІЖӨ 20 пайызынан 30 пайызына дейінгі деңгейге арттырылды. Бұл туралы бүгін Мәжілісте бюджет шығыстарының үнемділігі мен тиімділігіне қатысты баяндама жасаған Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.

«Тоқтала кететін жайт, биылғы жылдың өзінде 2014-2016 жылдарға арналған үш жылдық республикалық бюджетті қалыптастыру жаңа бюджеттік саясат тұжырымдамасында айқындалған қадамдарға негізделді. Үш жылдық кезеңдегі бюджет шығыстары тапшылық бойынша фискалды шектеулер шеңберінде айқындалған», - дейді министр. Оның айтуынша, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мен мемлекеттік борышты ең төменгі деңгейде ұстау мақсатында бюджет тапшылығы қайта қарастырылған. Бұл ретте бюджет тапшылығы 2014 жылға ІЖӨ 2,4 пайызға, ал 2016 жылға қарай 1,9 пайызға дейін болжанады.