Ұлттық құрылтайда білім саласына қатысты идеологиялық басым бағыттар талқыланды – Ғани Бейсембаев

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыруда үкімет пен қоғам күш біріктіріп жұмыс істесін деп тапсырма берді.
Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар ғана құрады. Мемлекет басшысы Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуға тиіс деді. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы бағытта бізге орасан зор жауапкершілік пен міндет жүктеліп отыр. «Тәрбие тал бесіктен басталатынын» ескере отырып, өскелең жас ұрпақтың бойына адалдық қағидаттарын сіңіреміз десек, ең алдымен оған өзіміз өнеге көрсетер тұлға болуымыз керек.
Президентіміз біздің ұлттық бірегейлігіміз табыстылықта екенін айтты. Бұл ел дамуының маңызды стратегиясына айналуға тиіс. Әр білім мекемесі өз алдына «Біз қайткенде табысты балабақша, табысты мектеп, табысты колледж бола аламыз» деген мақсат қойып, оған жауап беруге дайын болуы керек.
Президент «Ел атын әлемге танытып жүрген жастар ұлттың рухын жаңғыртуда» деп атап көрсетті. Біз жастардың бойындағы өнер-білімге, ғылымға, жаңашылдыққа деген осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейтуіміз, дамытуымыз қажет. Мемлекет басшысы білімді дамыту арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру керек деп міндет жүктеді, мұны біз абыроймен атқаруымыз керек.
Оқу-ағарту саласының алдына қойылған тағы бір айқын міндет – жастарды, оның ішінде мектеп оқушыларын жаһанданудың қатерлі ықпалынан қорғау. Мемлекет басшысы мектепте тәрбие жұмысы ақсап тұрғанын сынға алды. Әсіресе, оқушылар арасындағы буллинг мәселесі туралы айтылды. Бұл мәселемен қоғам болып күресуіміз керек. Бала тәрбиесіне мектеп ұжымымен қатар, ата-аналар да, отбасы мүшелері де жауапты екенін ұғындыра отырып, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ұрпақ тәрбиесіне қоғам белсенділерін, сарапшыларды да араластыруымыз керек. Әлбетте, алдағы оқу жылында қолға алынады деп жоспарланып отырған мектеп жанындағы «Ата-аналар академиясы» тікелей осы мәселемен де шұғылданады. Бұл шаруа өзімнің жеке бақылауымда болады», - деді министр.