Ұлттық олимпиада комитеттері Токио Олимпиадасына дайындық кездесулерін бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық олимпиада комитеттері Токио Олимпиадасына дайындық кездесулерін өткізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

ҚР ҰОК-нің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, Токиода 2020-шы жылы өтетін Олимпиада ойындарына Ұлттық олимпиада комитеттерінің қатысуымен өтетін бес дайындық кездесудің үшінші отырысы өтіп жатыр.

Кездесу барысында Токио-2020 ойындарына дайындық пен жоспар қарастырылуда. Аталған кездесуге Қазақстан атынан хақықаралық қатынастар департаментінің басшысы Әлімжан Ақаев қатысуда.

Токиодағы XXII жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына 33 спорт түрі енді. Арасында жаңадан қосылған бейсбол, каратэ, серфинг, құзға шығу және скейтбординг сынды спорт түрлері бар. Токио Олимпиадасының ұйымдастыру комитетінің жоспары бойынша төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға 11 090 спортшы қатысады деп күтілуде. Жарысқа қатысушы спортшылардың 48,5 пайызын әйелдер құрайды деп жоспарлануда.

Айта кетейік, 2020 жылғы Олимпиада ойындарына бірнеше спорт түрлерінен қосымша сайыстар енгізілді. Олар: жеңіл атлетикадан 4х100 метр қашықтықта сайыс, дзюдодан командалық сайыс, садақпен ату және триатлоннан аралас командалық сайыс, баскетболдан 3х3 сайысы (ерлер, әйелдер), үстел теннисінен аралас жұптық сайыс, семсерлесуден командалық сайыс, жүзуде 800 метр (ерлер) және 1500 метр (әйелдер) қашықтықтағы сайыс, велоспортта «мэдисон» (ерлер, әйелдер) сайысы.

Наурыздың 27-сі мен 28-інде ҰОК өкілдерінің қатысуымен 2020 жылғы Олимпиада ойындарының нысандары көрсетіледі. Ұйымдастыру комитетінің мәлімдеуінше, көптеген спорт кешендер келер жылдың жазында іске қосылады.

Соңғы жаңалықтар